«Мемлекеттік тапсырыс, ішкі цензура, билікке жалтақтау». Елдегі баспасөз еркіндігі қандай?
3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының есебінде сөз және баспасөз бостандығын шектейтін елдер арасында Қазақстан да үнемі аталады. Азаттық қазақстандық журналистердің баспасөз бостандығы жайлы пікірін білді.

«Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders, RSF) халықаралық ұйымының өткен айда жариялаған есебінде «Бүкіләлемдік баспасөз бостандығы индексінде» Қазақстан 180 мемлекеттің арасында 155-орында тұр. Былтырғымен салыстырғанда екі орынға көтерілгенімен, Қазақстан баспасөз еркіндігі шектелетін, тәуелсіз басылымдар мен журналистерге қысым жасалатын ел ретінде аталған. Ұйым Қазақстан билігі «репрессия әдістерін жетілдіріп жатқанын» айтады.
«Мемлекет интернетті толық бақылауға алып, жаңалық сайттарына, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге түрлі шектеу қояды, блогерлерді түрмеге қамайды я психиатрия клиникасына күштеп жатқызады» дейді «Шекарасыз тілшілер».
Қазақстанның кейбір өңірінде бұқаралық ақпарат құралында еңбек етіп жүрген журналистер баспасөз еркіндігі, билік пен БАҚ қатынасы және өзге де мәселелер туралы ой-пікірін бөлісті.
«ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ҚҰРДЫМҒА КЕТІРЕТІН ШЕКТЕУ»
Есенжол Елекенов – Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында шығатын «Уральская неделя» газетінің тілшісі. Оның сөзінше, қаржы жағынан жергілікті әкімдікке күні қараған басылымда жұмыс істейтін журналист билікке жақпайтын ой-пікірін тіпті әлеуметтік желіде жариялай алмайтын күйге түседі.
– Мысалы, журналист өз ой-пікірін газетке жарияламақ түгілі, әлеуметтік желідегі жеке парақшасына да ашып жаза алмайды. Өйткені редактор «әлеуметтік желіге әкімдікке қатысты ештеңе жазбаңдар. Әкімдіктен, ішкі саясаттан тендер алып отырмыз. Газетке жазылу науқаны басталғанда олар бізге көмектеспей қояды» деп шектеп отырады. Қандай да бір аудандық газеттің тілшісі әлеуметтік желіге пікірін жазатын болса, арада бір сағат өтпей редактор әкімнің алдына шақырылады. Ондайды көзіммен көргенмін, – дейді Елекенов.
Ол жергілікті басылымда көкейкесті мәселе қозғап жүрген кейбір журналистердің басшы я билікке жақын қызметке ауысқан соң үні естілмей кеткенін де айтты.
– Бізде аудандық басылымдардың көбінің аузы буулы болса да, арасында мәселе көтеріп, айтып жүрген жас журналистер бар еді. Өткен жолы [парламент мен жергілікті мәслихат сайлауы кезінде] солар «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған праймеризге қатысты. Одан соң сол жастардың бірі редактор болды. Енді бірі партияға қабылданды. Қазір солар үнсіз қалды, – дейді журналист.
Есенжол Елекенов жұмыс істейтін «Уральская неделя» – оқырманға тәуелсіз газет ретінде танымал басылым.
– Жалпы, тәуелді ме, тәуелсіз бе, кез келген басылымда шығармашылық еркіндік болуы керек. Қазір кейбір басылым басшылары өздері пропагандамен айналысып жүргесін, қарауындағы журналистеге еркіндік бермейді. Қит етсе журналистерге «Газеттің қандай саясат ұстанып отырғаны білесің бе?» деп ескерту айтады. Мұндай шектеу қоя берсе, журналистика біржола құрдымға кетеді деп ойлаймын, – дейді оралдық журналист.
Қазақстанның адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеп, құқыққа мойынсұнатын демократиялық, зайырлы мемлекет құратыны туралы тәуелсіздік декларациясын жариялағанына биыл 30 жыл толады. Құқық қорғаушылар елде сөз және баспасөз бостандығы шектелетінін, тәуелсіз журналистер мен басылымдар қысым көретінін айтып, Қазақстан үкіметін мойнына алған міндеттемесін орындауға үндеп келеді. Билік болса журналистерге қысым жасалатынын теріске шығарып, елде бес мыңға жуық БАҚ ресми тіркелгенін баспасөз бостандығының көрсеткіші ретінде алға тартады.