Оралдағы оқыс оқиғалар
Қатер аяқ астында, аңдып басып, абайлап жүріп, кішкентай балаларды қараусыз қалдырмай, жіті бақылауда ұстап, сабырлық пен төзімділік қасиеттерді жоймаған жақсы.

Орал қаласында 2 жасар қыз екінші қабаттағы терезеден құлап кетті, БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 15 мамыр күні сағат 12.30-да Н.Назарбаев даңғылы 148/1-мекенжайында орналасқан 9 қабатты үйде болды.
Ата-анасының қарауынсыз қалған 2019 жылғы қыз екінші қабаттағы терезеден құлап кеткен. Алдын ала мәліметке қарағанда, жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалды деген күдікпен қыз ауруханаға жатқызылды. Жағдайы орташа. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, екінші қабаттан құлаған қыз құйымшақ пен жамбастың жабық сынық жарақаты және құлағы көгерген деген күдікпен анасымен бірге облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Орал қаласында 83 жастағы қария екінші қабаттан секіріп кетіп, мерт болған, оқиға 15 мамыр күні Ю.Гагарин көшесіндегі 99-үйде болды. Осы үйде 51-ші пәтерде тұрған 1938 жылғы зейнеткер екінші қабаттан секіріп, өзіне-өзі қол жұмсаған. Ол қатерлі ісік дертіне шалдыққан. Бұл оқиға туралы хабар сағат 18.35-те түскен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 18.42-де шақырылды. Қария жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей,Орал қаласында 3 жасар бала септикке түсіп кеткен, оқиға 15 мамыр күні Вольная көшесі, 4-мекенжайында болды. Сағат 21.00-де ата-анасының қарауынсыз қалған үй иесінің 2018 жылғы ұлы ағынды суы бар ашық септикке (тереңдігі 3 метр) құлап кеткені жөнінде хабар түскен.
«Баланың тыныс алу жолы бұзылып, тоқтаған. Аузына жасанды тыныс беру жасалып, қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізген. Баланы бөлімше меңгерушісі хирург, кезекші реаниматолог және нейрохирургпен бірге қарап, медициналық көмек көрсетілген. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасынан реаниматолог пен хирург шақыртылған. Шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылған баланың жағдайы ауыр» деп хабарлады ведомстводан.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 15 мамыр күні сағат 23.56-да Самара-Шымкент жолының 464-шақырымында Қаратөбе ауданы аумағында түйіскен екі жүк көлігі өртеніп, екі адам, 39 жылқы, жанып кетті.. Тіркемесіне 40 жылқы тиелген «КамАЗ» және бос келе жатқан Mersedes-Benz Actros (Түркия) жүк көліктері соқтығысып, түгелдей отқа оранды.

Соның салдарынан «КамАЗ» жүк көлігінің тіркемесіндегі 39 бас жылқы жанып кеткен. Автокөліктерден өртеніп кеткен екі адамның мәйіті алынды. Бір адам түрлі жарақатпен Сырым аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Қаза тапқан және зардап шеккен адамдардың кім екені анықталып жатыр. Бүгін сағат 04.47-де өрт толықтай ауыздықталды.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын жеткізді.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков өз Instagram-да мәлім еткеніндей, бүгін Орал-Тасқала жолында Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері жол апатынан қаза тапты. Орал қаласы полиция басқармасының қызметкері Мержан Бисенғалиев Тасқала ауданы Айнабұлақ ауылы тұсында өзінің Chevrolet Cobalt автокөлігімен аударылып қалды.

Көлікте ол жалғыз болған. Алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Осы дерек Тасқала аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК 345-бабы 3-бөліміне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.