БҚО-да құны 3,5 млрд теңге болатын су қоймасын салу жоспарлануда
Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Жалпақтал кентінің жанындағы Үлкенөзен (Қараөзен) өзенінде құны 3,5 млрд.теңге болатын су қоймасын салу жоспарлануда.

Орал қаласынан 440, Қазталов ауданының орталығынан 70 шақырым қашықтықта, «Кіші өзен» (Сарыөзен) өзенінде орналасқан қойма мемлекетаралық мәндегі су торабы болып есептеледі. Қойма Кіші өзен (Сарыөзен) суын Ресейдің Саратов облысы мен Қазақстанның Батыс Қазақстан облысына бөлуге, екі облыстың лимандарына су өзіндік ағынмен берілуі үшін су тірегін құруға арналған.

Ал Үлкен өзен (Қараөзен) бойынша Ресей Федерациясынан тәуелділікті азайту бойынша қазір жаңа су қоймасын салу жоспарлануда. Ол Үлкен өзенде (Қараөзен), Қазталов ауданының Жалпақтал ауылында орналасады. Сонымен қатар, өңірдің оңтүстік аудандарына Үлкен және Кіші өзендері бойынша (Сарыөзен, Қараөзен) тұрақты су жетіп тұруы үшін Еділ өзенінен 135 млн метр куб су алу мәселесі қарастырылуда. Бұл мақсат үшін республикалық бюджетттен 3,5 млрд теңге бөлу керек.

Ресейдің Еділ өзенінен Варфоломей қоймасы арқылы облыстың Жәнібек, Қазталов, Жанғала аудандарындағы 1637 гектар тұрақты суармалы егістікке, 44018 гектар лимандық (сағалық) суару алқабына, 324700 гектар су басқан жайылымдарға су жіберіледі. Бұдан бөлек, БҚО-ның оңтүстік аудандарындағы экологиялық ахуалды реттеп отыру үшін Айдын, Сарыайдын, Қамбақты және Қамыш-Самар көл айдындарын су жіберіліп отырады. Су қоймасының сыйымдылығы — 23 млн метр куб.

