Орал әуежайы 2021 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі
Орал әуежайының терминалын қайта құру жобасы өзгертілді. Қайта құрудың орнына жаңа терминал ғимаратының құрылысы басталды, оны 2021 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бұл туралы КПО б.в. қаржыландыратын әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды қарау бойынша облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерінің отырысы барысында белгілі болды, атап айтқанда, бекітілген жобаларды талқылау кезінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев Орал қаласы әуежайының терминалы ғимаратын реконструкциялау жобасының өзгергенін хабарлады.
— Өздеріңіз білетіндей, бұл жоба бойынша жұмыстар техникалық тұрғыдан дұрыс болмағандықтан тоқтатылды. Жобаны өзгерту үшін көп уақыт қажет болды. Жұмыс осы жылдың қаңтарында, өзгертілген жоба алынғаннан кейін қайта басталды. Қазір біз жаңа терминал ғимаратын салып жатырмыз, қайта құру жұмыстарын жүргізбейміз. Қазір нысанда жұмыстар екі ауысымда жүргізілуде және біз оларды осы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді Мұхтар Манкеев.

Естеріңізге сала кетейік, Орал әуежайының терминалын қайта құру жобасы Қарашығанақ Петролей Оперейтинг б.в. компаниясының есебінен қаржыландырылады, ол жыл сайын облыстың әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларына 30 млн АҚШ долларын бөледі. Терминал ғимаратын қайта жаңғырту 2018 жылы басталды және бастапқыда жобаны іске асыруға компания 1,5 млрд теңге бөлді. Алайда, 2019 жылы «Kazconstructiongroup» ЖШС мердігерлік ұйымы ғимарат іргетасының деформациясын анықтағандықтан жұмыстар тоқтатылды. Осыған байланысты терминалды қайта құру жобасын толығымен қайта қарауға тура келді. Қазіргі уақытта жаңа терминал ғимаратын салу жобасы қабылданды. Бұл нысанның құны 6,6 млрд теңгеге дейін өсті.
