Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халыққа есеп беру кездесуін өткізді
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халыққа есеп беру кездесуінде көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген өзекті сұрақтарға жауап берді. «ОА» маңызды да, керекті тұстарын жариялайды.

«Келесі оқу жылында оқу қалай ұйымдастырылады? 1 қыркүйекте мектепте салтанатты жиналыс бола ма? Қазір баламызды мектепке берейік пе, жоқ па деп ойланып отырмыз. Менің балам алты жаста. Егер тағы да қашықтан оқыту болса, онда мектепке жеті жастан береміз. Қашықтан оқығанша, бір жыл үйде отырсын. Биыл мектептер ашыла ма, жоқ па?», – деп сұрады ата-аналардың бірі министрдің халыққа есеп беру кездесуінде.
Аймағамбетов бәрі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты екенін атап өтті.
«Ең алдымен бұл өзімізге, біздің жүріс-тұрысымызға байланысты. Егер халықтың басым бөлігін вакциналап, санитарлық талаптар мен шектеулерді сақтасақ, келесі оқу жылында, қыркүйекте білім ұйымдарын, ең бастысы мектептерді ашуға мүмкіндік бар деп санаймын», – деді министр.
«Биыл мектепке жұмысқа қабылданатындардың бәрі сертификат алуы керек деп жатыр. Мен үш жыл бойы декретте отырдым, жұмыс істеген жоқпын. Сонда бұл сертификатты мен де алуым керек пе?», – деп сұрады декреттегі мұғалімдердің бірі министрден.
«Бұл сіздерге қатысты талап емес. Егер сіз декретте болсаңыз, мектепке оралып, әрі қарай жұмысыңызды жалғастыруға болады. Сіздерден ешкім ешқандай жаңа сертификат талап етпейді», – деп жауап берді Аймағамбетов халыққа есеп беру кездесуінде.
Ол сертификаттау оқу орнын енді ғана тәмамдаған түлектерге арналған талап екенін атап өтті.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов вакцина салдырмайтын мұғалімдердің жалақысы қысқара ма деген сауалға жауап берді.
«Вакцина алмаған ұстаздарға жаңа оқу жылында еңбекақысының 50 проценті ғана төленеді дейді. Осыны растайсыз ба?», – деп сұрады тұрғындардың бірі министрдің халыққа есеп беру кездесуінде.
Министр вакцина алу әр азаматтың өз еркі екенін атап өтті.
«Дегенмен біз мектептерді ашамыз десек, өз-өзімізді, жақындарымызды, балаларымызды осы індеттен сақтаймыз десек, онда әрине, басқаларға үлгі көрсетіп, ең бірінші болып вакцина салдыруымыз керек. Ал жаңағыдай вакцина алмағандарды жұмыстан шығарып жібереді немесе тағы басқа деген мәселелердің қайдан шыққан ақпарат екенін мен білмеймін», – деді Аймағамбетов.
«Ұстаздарды бір аймақтан екінші аймаққа ротациясы жүргізілуде дейді халық. Біз құстар емеспіз ғой, ана жақтан мына жаққа ұшатын. Ол не сонда?», – деді министрге сұрақ қойған мұғалімдердің бірі.
Өз кезегінде Асхат Аймағамбетов бұл ақпараттың жалған екенін жеткізді. «Ротация мұғалімдерге қатысты емес, мектептердің басшылығына, директорларға ғана қатысты тетік. Директорларға қатысты дегеннің өзінде де мысалы бір директорды Петропавлдан Түркістанға жіберу деген емес. Ротация болса да ол бір қаланың ішінде жүргізіледі. Сондықтан бір өңірден екінші өңірге жіберу деген мәселе заңнамамызда көрсетілмеген. Мұғалімдер бойынша ротация мәселесі мүлдем жоқ», – дейді білім және ғылым министрі.