Еліміздегі 1 маусымнан басталатын өзгерістер
Вакциналау туралы қағаз анықтама, ұлттық санаққа дайындық, халықаралық әуе рейстері, жаңаша өтетін сайлау – қазақстандықтарды маусымда осы және өзге де өзгерістер күтіп тұр.
Вакциналау туралы қағаз анықтама
Бүгіннен бастап қазақстандықтар вакциналау туралы қағаз анықтама сұрата алады.
Тиісті қаулыға елдің бас санитар дәрігері қол қойды.
Қағаз анықтаманы коронавирусқа қарсы вакциналауды жүргізетін медициналық ұйымдар береді.
Вакцина салдырған шетелдіктер де қағаз құжатты талап етуге құқылы.
Бұған дейін вакцинаның екі дозасын алған адамдарға тек электронды вакциналау паспорты ғана берілетін.
Әлеуметтік көмек
Енді білім алу кезеңінде әлеуметтік көмек алу үшін құжаттардың көшірмесін ғана емес, түпнұсқасын да ұсыну қажет.
туу туралы куәлік – көпбалалы отбасылардың балалары үшін;
қамқорлық, патронаттық тәрбиені бекіту туралы анықтама – жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балалар;
мүгедектік туралы анықтама – мүгедектер мен бала кезінен мүгедектерге, мүгедек балаларға.
Бұрын осы құжаттардың тек көшірмесі ғана сұратылатын.
Ұлттық халық санағына дайындық
1 мен 30 маусым аралығында Қазақстанда ұлттық санаққа дайындық жүргізіледі. Тіркеушілер әрбір елді мекенді аралап, үйлердің тізімін және тұрақты тұратын тұрғындардың санын нақтылайды.
Үй-үйді аралау кезінде интервьюерлер өздерін таныстырып, тегін айтуы және санақ интервьюерінің куәлігін көрсетуі керек. Олар келуінің мақсатын нақты және қысқаша түсіндіріп, сол үй-жайда тұрақты тұратындардың мекен-жайы мен санын сұрайды.
Биыл ұлттық санақтың негізгі кезеңі 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі аралықта өтеді. Оған онлайн режимде де, сондай-ақ дәстүрлі тәсілмен де қатысуға болады.
Мектеп бітіру емтихандары
Қазақстанда 1 мен 10 маусым арасында 11-сыныпты тәмамдаған оқушылар емтихан тапсырады.
Тоғызыншы сыныптар үшін қорытынды емтихан 28 мамырда басталды.
Былтыр пандемия енді басталған кезде 9 және 11 сыныптар үшін емтихан алынып тасталды. Түлектердің қорытынды аттестациясы жылдық баға негізінде жүргізілді.
Халықаралық әуе рейстері ашылады
Маусым айында Қазақстаннан бірқатар елге жаңа әуе рейстері ашылады.
Мәселен, 9 маусымнан бастап азаматтар Нұр-Сұлтан – Подгорица, ал 10 маусымнан Алматы – Подгорица бағытында ұша алады. Черногорияға рейстерді Air Astana компаниясы орындауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Алматы мен Самарқан қалаларын байланыстыратын рейс іске қосылады.
Қазақстандықтар Өзбекстанның көне шаһарына 9 маусымнан ұша алады. Рейстер аптасына екі рет – сәрсенбі және жексенбі сайын орындалады.
Бұдан бөлек, 25 маусымнан бастап Нұр-Сұлтан – Абу-Даби, ал 26 маусымнан Алматы – Абу-Даби бағыттары ашылады.
Сондай-ақ, Air Astana 3 маусымнан Атыраудан Амстердамға рейстер жанданатынын хабарлады. Бұл бағыт осы жылдың басында Нидерланды билігі енгізген шектеулерге байланысты уақытша тоқтатылған еді.
Қазақстандағы шетелдіктер
Қазақстанда мерзімі өткен құжатпен жүрген шетелдіктер 5 маусымға дейін өз мәртебесін заңдастыруға тиіс. Елде болу мерзімін ұзарту үшін көші-қон қызметіне жүгіну қажет.
Бұған дейін ішкі істер министрлігі жол жүру құжаты, тұруға ықтиярхаты, визасы, Қазақстанда уақытша болуға арналған рұқсатының қолдану мерзімі өтіп кеткен немесе аяқталатын шетелдіктер осы жылдың 5 маусымына дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылмай елден шыға алатынын хабарлады.
Егер 5 маусымға дейін құжаттарын реттемесе, айыппұл және елден шығару түрінде әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады.
Сайлауға қатысты өзгерістер
Осы айда елдің сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер күшіне енеді.
Атап айтқанда, енді мәжіліске сайлаушылардың 5% даусын жинаған саяси партиялар өте алады.
Бұған дейін парламенттің төменгі палатасына өту шегі 7% болған еді.
Сонымен қатар барлық сайлау кезінде бюллетеньдерде «барлығына қарсы» деген баған жазылады. Бұрын қазақстандықтарда мұндай құқық болмады, сондықтан сайлаушылар ұсынылған кандидаттардың біріне міндетті түрде дауыс беруі керек еді.
Осы жылдың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент сайлауынан кейін партиялардың парламентке өту шегін 7%-тен 5%-ке дейін төмендетуді ұсынды. Сол кезде мемлекет басшысы жеті процент дауыс жинай алмаған партия өкілдері парламентте пікірталас тудыра алуы мүмкін екенін айтты.
2021 жылдың 10 қаңтарында өткен парламент сайлауында үш партия ғана 7%-тен артық дауыс жинады. Олар: Nur Otan, «Ақ жол» және Қазақстанның Халық партиясы.
Бұдан бөлек, жаңа заңға сәйкес, ауыл халқы өз әкімін тікелей дауыс беру арқылы сайлай алады. Биыл 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады.
Ақылы жолдар
«ҚазАвтоЖол» маусымнан бастап 18 автожол учаскесі ақылы жүйеге көшетінін хабарлады. Жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырым ақылы жолдар өнеркәсіптік пайдалануға беріледі.
Жолдарда ақы алудың «ашық» жүйесі енгізіледі, яғни шлагбаумдар мүлде болмайды.