БҚО-да соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар азайды
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соңғы тәулікте 97 адамнан індет табылып, 108 науқас жазылып шықты.
Жыл басынан бері 13985 адамнан коронавирус анықталса, соның 55,8 пайызы (7812) Орал қаласы, 14,2 пайызы (1999) Бәйтерек, 11,1 пайызы (1563) Бөрлі ауданының үлесіне тиеді.
Басқарма мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде 1123 төсектік 18 инфекциялық стационар 35 пайызға толған. Оларда 394 науқас, соның ішінде 29-ы жансақтау бөлімінде емделуде.
Жалпы, емделушілер саны азайып отырған жоқ.
Науқастардың 333-і немесе басым көпшілігі Орал қаласындағы 600 төсектік 5 ауруханада ем қабылдап жатыр.
Облыста коронавирусты анықтайтын 13 зертхана болса, соңғы тәулікте 3112 зерттеу жүргізілді.
Індет басталғаннан бері өңірде тіркелген 23206 науқастың 18262-сі жазылып шықты. 347-сі көз жұмды.
«Батыс Қазақстанда тұрғындарды вакцинациялау жұмыстары жалғасуда. Осы кезге дейін 73462 адам вакцинаның бірінші, 35176-сы екінші компонентімен егілді», деп хабарлады ведомстводан.