Оралдағы бір мектеп жабылмақ
М.Өтемісов атындағы облыстық санаториялық мектебі жабылатын болды.

БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева айтып өткендей, биыл Махамбет Өтемісов атындағы облыстық санаториялық мектепті тарату туралы шешім қабылданды. Онда туберкулез анықталған балалар немесе науқастармен тығыз байланыста болған балалар оқиды. Жабылу себебі жыл сайын оқушылар санының азаюы болды.
– Интернаты бар мектептің жобалық қуаты 330 орынды құрайды. 2018-2019 оқу жылында мұнда 224 оқушы, 2019-2020 жылдары 212 оқушы, ал биыл барлығы 125 оқушы білім алды, оның 22-сі түлектер. Балалар жұқпалы топқа жатпайды, дәрігерлердің пікірінше, олар сау, олар мұнда емделмейді, оларға жақсартылған тамақтану көрсетіледі. Бұл мектепке балаларға жолдама тек бір жылға беріледі. Оқушылар тұрғылықты жері бойынша оқу орындарына жолданатын болады. Статистика көрсеткендей, жыл сайын туберкулезбен ауыратын балалар саны азайып келеді. Егер келесі жылдары бала ауырып қалса, ол ауруханада емделіп, сол жерде оған оқыту ұйымдастырылады, – деді Светлана Темірғалиева.
Мекемеде 145 адам жұмыс істейді, оның 59 – ы педагогтар мен тәрбиешілер, 68-і техперсонал және 18-і көмекші персонал.
– Таратылуына байланысты барлық қызметкерлер ресми қаулыдан кейін хабардар етіледі. Еңбек кодексіне сәйкес олар өтемақы мен төлемдер алады. Біз бос орындарды қарап, оларды мектеп қызметкерлеріне ұсынамыз. Әрбір қызметкер біздің ведомствоның бақылауында болады, – деп атап өтті Светлана Темірғалиева.
Айта кету керек, санаториялық мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, БҚО дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-лицей-интернатына бергісі келеді. (бұрынғы қазақ-түрік лицейі – автор. ескерт.).
– Бұл мектеп қала сыртында орналасқан, оқу ғимараты біреу, ал аумағы үлкен және шығындар көп. Лицей оқушыларының контингенті 239 оқушыны құрайды, дегенмен ғимарат 200 адамға есептелген. Ауыстырғаннан кейін біз Оралдан тағы 200 баланы жинай аламыз, – деп қорытындылады Светлана Темірғалиева.