Қазақстанда карантин талаптары күшейтілуі мүмкін
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың үнді штамына байланысты Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін екенін айтты.

Оның айтуынша, Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты, алайда Нұр-Сұлтанда үнді штамы табылды деген күдік бар.
«Вирустың репродуктивті индексі 1-ге тең, бірақ біз әлемде және шекаралас елдерде жағдайдың қандай екенін көріп отырмыз. Яғни, коронавирустың жаңа штамдары тез тарайды. Нұр-Сұлтанда скрининг жүргізілді, сондықтан мұнда денсаулық сақтау министрі дельта-штамм (үнді штамы) барын айтты. Осыған байланысты өңір әкімдері ахуалды бақылауға алуы тиіс. Бүгінгі таңда ВАК отырыс өткізіп, Нұр-Сұлтан қаласында және басқа да өңірлерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту жөніндегі шараларды қарайды», — деді Тоғжанов Үкімет отырысында.
Ол адамдар көп жиналатын жерлерде қашықтық сақталуы керек екенін де айтты.
«Адамдар жеке қорғаныс құралдарын қолдануы керек, сонымен қатар, барлық аймақта мониторингтік топтардың жұмысын күшейту қажет, ал қоғамдық орындарға келгендер қорғаныс шараларын қатаң сақтауы тиіс. Сондай-ақ, Ashyq қосымшасы бойынша өтіңіздер. Өңір әкімдері, барлық мемлекеттік орган осы жағдайды бақылауы тиіс», — деді Тоғжанов.
Үкімет басшысы Асқар Мамин коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізіп, елордада санитарлық талаптарды күшейтуді тапсырды.
Премьер-министр Қазақстанда жағдай қалыпты болғанымен, көрші елдерде ахуал күрделі екенін атап өтті. Сол себепті ол мемлекеттік шекарада бақылауды күшейтуді тапсырды.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, «үнді» штаммы өзге штаммдарға қарағанда тез жұғады және инкубациялық кезеңі қысқа, 7 күнге дейін созылады.
Жуырда жүргізілген зерттеулер «Дельта» штаммнан өлім-жітім көп болатынын көрсетіп отыр. Індетке шалдыққандарда жаңа симптомдар байқалуда: буындар мен іштің ауыруы, тіпті есту қабілетінен айырылу қаупі бар.
«Үнді штаммының жұққыштығы, ауыр салдары мен белгілері туралы қолда бар мәліметтерді ескеріп, өңірлер дәрі-дәрмектің жеткілікті қорын, жасанды тыныс алдырту аппараттары, жеке қорғаныш құралдары, төсек-орын қорын, сондай-ақ жедел жәрдем мен мобильді бригадалардың дайындығын қамтамасыз етуі қажет», — деді Цой үкімет отырысында.

Елімізде бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 410 523 жетті. 21 маусымда Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 943 жағдайы тіркелсе, Батыс Қазақстан облысында — 13 адамнан анықталды.
