Қазақстан Үкіметі бизнестен жұмыскерлерді вакцинациялауды талап етеді
Вакцинациядан бас тартқандар ПТР-тестілеуден өтуге міндетті, деп хабарлайды vlast.kz

Елордада «Дельта» коронавирус штаммының табылуына байланысты Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігеріне карантиндік режим бойынша қосымша шаралар қабылдау және кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлерін міндетті вакцинациялауды енгізу ұсынылды.
Осылайша, қызмет көрсету саласының қызметкерлері, ірі ұйымдасқан ұжымдар (өнеркәсіптік кәсіпорындар) үшін вакцинациясыз (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) жұмысқа шектеулер енгізілетін болады. Вакцинациялаудан бас тартатын қызмет көрсету саласының, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және өзге де ұйымдасқан ұжымдардың қызметкерлері үшін міндетті ПТР-тестілеу талабы енгізілетін болады. Бұдан басқа, «Ashyq» жобасына жаңа кәсіпкерлік субъектілерін енгізу үшін, сондай-ақ жоба шеңберінде жұмыс істеп тұрған субъектілердің (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) жұмысын жалғастыру үшін барлық персоналды вакцинациялау бойынша талап енгізілетін болады.
Сонымен қатар, «Ashyq» жобасына сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен азық-түлік емес базарлар қосылады.
Сонымен қатар, премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов орталық мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге штаммның жоғары контагиоздылығын ескере отырып, «Дельта» таралуының алдын алу бойынша барлық шараларды қабылдауды, ал денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп 28 маусымға дейін төсек қорына, кадрлық қамтамасыз етуге, резервтік қорлардағы дәрілік заттардың жеткіліктілігіне тексеру жүргізуді тапсырды.