БҚО қатты желдің салдары
Облыста қатты жел көптеген ғимарат пен үйлердің шатырын жұлып, бірнеше елді мекен электрмен жабдықтаусыз қалды. «Қайықшыға жел қарсы дегендей» құрылыс материалдарының қатты қымбаттауы қарсаңында, бұл онсыз да қымбатшылық қысқан ауыл тұрғындарына ауыр тиіп, жығылғанға жұдырық болды.

Осының алдында синоптиктер қолайсыз метеожағдайлар Атырау мен Оралда болады, деп хабарлаған еді. Бірақ осындай күшті жел болып, соншама зардабын тигізіп кетеді деп ешкім ойламаған да шығар. Енді жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесіп бәрін қалпына келтіру керек.
Қатты желдің салдарынан (екпіні 19 м/с-қа дейін) Жаңақала және Казталов аудандарында шатырлар бұзылып, электр желілерінің үзілуі орын алды.

Облыстың 6 ауданындағы 14 елді мекен электрмен жабдықтаусыз қалып отыр: Жаңақала ауданы 467 абонент (Жаңаталап кенті, Салтанат кенті, Үшкемпір кенті, Борки кенті, Айтпай кенті, Қызылоба кенті), Ақжайық ауданы 167 абонент (Тоған кенті, Үштөбе кенті, Қосшығыр кенті), Казталов ауданы 375 абонент (Қараөзен кенті-350, Хайруш кенті-25), Жәнібек ауданы-375 абонент. (Таловка к.-80), Шыңғырлау ауд. (Сегізсай к.-43). Теректі ауданы (Рыбцех кенті-30). Барлығы 1162 абонент.

Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары «Батысқазжерқойнауы» АҚ күшімен жалғасуда (35 қызметкер мен 18 бірлік техника). Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ, деп хабарлады облыстық ТЖД.