БҚО-да газ бағасы көтерілді
БҚО тұрғындары 1 шілдеден бастап газды жаңа тариф бойынша төлейді.

ҚР ҰЭМ ТМР Мұнай және газ тасымалдау саласындағы басқарма басшысы Қазбек Ратбековтың айтуынша, осы жылдың 1 шілдесінен бастап тауарлық газдың көтерме бағасы көтерілген, оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бекітеді.
— БҚО-да Энергетика министрінің бұйрығы бойынша көтерме бағалар 15% — ға өсті. Бұл соңғы бағаға, яғни түбіртектерде көрген бағаға әсер етті. Облыста көтерме бағаның өсуіне байланысты газ 11,85% — ға қымбаттады. Газдың түпкілікті бағасы көтерме бағадан, тасымалдау тарифінен және жабдықтау шығындарынан тұрады. Тасымалдау тарифін және жабдықтау шығындарын Табиғи монополияларды реттеу комитеті реттесе, ал түпкілікті бағаның 70-80% — ын алатын шекті көтерме бағаны Энергетика министрлігі бекітеді. Көтерме бағаның 15% — ға өсуі газдың түпкілікті бағасының 11,85% — ға өсуіне әкелді, — деп түсіндірді Қазбек Ратбеков.
Осылайша, енді БҚО тұрғындары 1000 текше метр үшін 19 285 теңге төлейтін болады.
