Байқаңыз, су-тілсіз жау!
Бәрімізге белгілі, жылдың маусым, шілде, тамыз айларында күннің температурасы жоғарылап, тұрғындар кез келген жерлерге суға шомылып жатады. Суда азаматтардың (балалардың) қаза болуына өзендердің кез келген әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) жерлеріне, судың салқындығын ескермей суға түсу, сонымен қатар жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкелуде.
2 шілде күні 2-Шежін ауылынан 50 шақырым жерде шамамен сағат 10.00-де жасы 30-40-тардағы азиат пішіндес ер адам белгісіз жағдайда жасанды су қоймасына батып кеткен. Ол киімшең күйінде болған.
Қазіргі кезде ер адамның кім екендігі анықталу үстінде. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
3 шілде күні Ақжайық ауданы Алғабас ауылы шетіндегі Көшім каналында сегіз жасар бала суға батып кетті. Бала шомылуға жабдықталмаған жерде суға түскен.
4 шілде күні, Оралда Орда көшесі маңында Жайық өзенінде әкесі қызын құтқарам деп екеуі де суға кетті.1973 жылғы ер адам он жасар қызын құтқарам деп суға кеткен. Қызы шомылуға жабдықталмаған жерден түсіп, суға кеткен. Оның денесін куәгерлер шығарып алды.
4 шілде күні Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында тағы үш адам суға батып кетті. Жайық өзенінен 36 жастағы әйел оның 7 және 5 жасар ұлының денесі табылған. Әйел киімшең, балалары шешінген күйінде болған. Олардың денесін жергілікті тұрғындар шығарып алған.Қаза тапқандар – Ресей Федерациясының тұрғындары.
Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында суға кеткендер саны 17-ге жетті. Оның жетеуі – балалар.
БҚО ТЖ департаменті рұқсат етілген және жағажайларда ғана суға шомылуға болатынын тұрғындар есіне салады. Рұқсат етілмеген, сондай-ақ, ескертулері бар белгілерден асып жүзуге, күн көзіне қатты қыздырынып, суға секіруге болмайды. Мас күйде де шомылуға болмайды. Ресми ашылған жағажайларда суға түскен кезде қалқыма белгілерінен әрі асуға болмайды. Ата-аналардан жағажайда балаларын көзден таса қылмауын сұраймыз. Жүзу құралдарынан суға секіруге, оған жақын жүзуге де болмайды. Мұндай әрекет қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Осы сақтық шараларын ескерген адам ғана жамандықтан алыс болады. Су – тілсіз жау екенін ұмытпайық, ағайын.