Қостанай мен Алматыда митинг өтті
Наразы топ Қытайдың экспансиясы мен елдегі қуаңшылық, азық-түліктің қымбаттауы, вакцинацияны алып тастауды, кәсіпкерлерді айыппұлдармен жазалауға тыйым салу секілді мәселелерді көтерді.

Бүгін, 6 шілдеде Алматы қаласында елімізде тіркелмеген Демократиялық партия митинг өткізді.
Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының маңында белсенді Жанболат Мамай бастаған Демократиялық партия митинг өткізді. Наразы топ Қытайдың экспансиясы мен елдегі қуаңшылық, азық-түліктің қымбаттауы секілді мәселелерді көтерді.

Митингке шамамен 50 шақты адам жиналды.
«Бүгін мейрам дейді, бірақ елімізде мынадай жағдай болып жатса қайдағы мейрам? Жемқорлықтың салдарынан еліміз кедейліктен көз ашпайды. Билік халықтың қамын ойламайды», – деді Жанболат Мамай.

Шеруге келген топ өздерімен «Қымбатшылық қысып барады», «Үкімет отставкаға кетсін» деген сөздер жазылған плакаттар ала келіпті. Шерушілердің бірі елорданың атауын «Алашорда» деп өзгерту керек екенін айтады.

Сонымен қатар, Қостанайдың Жеңіс саябағында ондаған адам наразылық акциясына жиналды.
Олар мәжбүрлі вакцинацияны алып тастауды, кәсіпкерлерді айыппұлдармен жазалауға тыйым салуды, сондай-ақ, вакцина алмаған адамдарға ПТР-тестілеуді тегін жасауды талап етті.

«Үкімет қаулысы заңсыз, өйткені ол менің конституциялық құқықтарымды бұзады. Мен ауылдан келдім. Акция туралы естіп, осында келдім. Мен сіздер арқылы Президентке, менің құқықтарымның кепіліне үндеу жасаймын. Үкіметпен айналысу керек. Оны отставкаға жіберу керек. АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарып жатыр, адамдарды неге өздеріңе қарсы қоясыңдар? Мен екпе салдырғанша елді қарумен қорғаймын», – деді Сұлтан Әбдіғалиев.