Міндетті түрде вакцина салдыру мерзімі 15 шілдеден 10 тамызға шегерілді
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина алу мерзімін жылжытты. Бұл туралы бас санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың қаулысында айтылды.
Бас санитариялық дәрігер міндетті вакцинаның бірінші компоненті 2021 жылдың 10 тамызына дейін, екінші компоненті 1 қыркүйекке дейін салынып бітуі керек екенін жазған.
Құжатқа сәйкес, профилактикалық егулерге тұрақты және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға міндеттелмейді.
«Коронавирусқа қарсы вакцинацияға тұрақты / уақытша медициналық қарсы көрсеткіштің болуы туралы анықтаманы жергілікті дәрігер (ол болмаған кезде фельдшер) жұмыс орнына ұсыну үшін береді (қажет болған жағдайда). Бұл жағдайда диагноз пациенттің келісімімен көрсетіледі», – делінген жарлықта.
Бұған дейін шыққан қаулыға сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлеріне 15 шілдеге дейін вакцинаның бірінші компонентін салдыруы тиіс еді. Сондай-ақ, 15 шілдеден кейін мониторинг топтары ұйымдарды тексеріп, олар ереже бұзған жағдайда айыппұл салуы керек болған.
Екпені денсаулығы көтере тұра салдырмаған азаматтар жеті күнде бір рет ПТР-тест тапсырып отыруға міндеттеледі.
Қаулы бүгін, 15 шілдеде түн жарымда күшіне енді.