Баспасөз мәслихатындағы бастылар
Қазақстанның вакцина паспортын қай елдер мойындайды, 12 жасқан асқан балаларға вакцина салына ма, вакцина алғандар да маска тағып жүруі керек пе, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованың ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында түсінік берді.

Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Қазақстанның вакцина паспортын мойындайтын елдерді атады.
«Бүгінде біздің паспортымыз Таиланд, Моңғолия, Венгрия, Қырғызстан, Кипр, Грузия және Түркияда мойындалады. Паспорттарды өзара мойындау бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз», – деді ол брифингте.
Сондай-ақ, оның айтуынша, вакцина паспортын ЕАЭО аясында мойындау бойынша келіссөздер басталды.
Сонымен қатар, ел үкіметі 12 жасқан асқан балаларға «Pfizer» вакцинасын салуды жоспарлап отыр.
Қазақстанда 12 мен 18 жасқа дейінгі балалардың саны – шамамен екі миллион, балаларға вакцина тек ата-анасының рұқсатымен ғана салынады.
«Бүгінде әлемде қолданылатын барлық вакцина 18 жасқа дейінгі балаларға егілмейді. Әйтсе де Pfizer вакцинасы 12 жастан асқан балалар салынуда. Сондықтан біз қазіргі таңда балаларға вакцина салу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Өйткені Қазақстанда 12 мен 18 жасқа дейінгі балалардың саны – шамамен екі миллион. Бұл аз емес. Оның үстіне елде үнді штамы таралып, соңғы уақытта балалар вирусты жиі жұқтырып жатыр», – деді Есмағамбетова брифингте.
Есмағамбетова америкалық Pfizer вакцинасы осы жылдың төртінші тоқсанында жеткізілетінін атап өтті.
ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова маска тағып жүрудің әлі де өзекті екенін еске салды.
«Маска тағу қазіргі жағдайда ғана емес, пандемия жарияланғаннан сәттен бері өзекті. Вакцина алдық, енді маска тағудың, қашықтық сақтаудың қажеті жоқ деп ойлайтындар қателеседі. Әзірге ұжымдық иммунитет қалыптасқан жоқ, вирус қоғамда жоғары деңгейде таралып жатыр, өкінішке орай, вакцина алғандар да ауырып қалуы мүмкін», – деп атап өтті Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Сондықтан, оның айтуынша, вакцинамен қатар алдын алу шараларын да сақтау маңызды. «Өзіңіз туралы, жақындарыңыз бен қарт туыстарыңыз туралы ойланыңыз. Дельта штамының да әлдеқайда жұқпалы, көп адамға тез таралатынын және ауру күрделі жағдайда өтетінін есте сақтаңыз. Құрметті қазақстандықтар, өтінеміз, барлық алдын алу шараларын сақтаңыздар», – деді А. Есмағамбетова. Сонымен қатар, Айжан Есмағамбетова вакциналау туралы паспортты сатып алғандарға үндеу жолдап, оны реанимацияға жолдама алғанмен тең деді.