БҚО-да егін алқабында фермердің ұлы электр тоғына соғылып, мерт болды
Батыс Қазақстан облысындағы қайғылы оқиға орын алды. Астық жинау жұмыстары кезінде 26 жастағы комбайншы қаза тапты, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

БҚО ТЖД хабарлағандай, қайғылы оқиға 21 шілде күні сағат 12 шамасында Бәйтерек ауданында болған.
«Достық кентінен төрт шақырым жерде дала бойымен жүріп келе жатқанда оператор-механизатор астық жинау комбайнының газ құбырымен электр беру желісін қағып кеткен. Электр тоғының салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды», – деп хабарлады ведомстводан.
Жергілікті тұрғындар марқұмның шаруа қожалығы басшысының ұлы болғанын атап өтті. Кәсіпкер дәнді дақылдарды өсірумен және сатумен айналысады.
Полиция аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу тағайындалғанын түсіндірді. Бірқатар сараптамалар жүргізіледі.