БҚО-да биылғы оқу жылы қалай болады
Батыс қазақстан облысы білім басқармасының мамандары жаңа оқу жылына дайындық бойынша есептік брифинг өткізді. Санитарлық нормаларды сақтау – оқу процесін ұйымдастыруда басты талап болып қала береді.
Батыс қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева айтып өткендей, облыста 372 мемлекеттік мектеп, 5 жекеменшік және 3 кешкі мектеп жұмыс істейді.
Бүгінгі күні бірінші сыныпқа алдағы оқу жылына 11 202 адам қабылданды. Оқытудың негізгі түрі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Бірақ кез келген жағдайда, білім беру объектілері «офлайн» режимінде жұмыс істеуге, яғни мектеп сыныптарында әдеттегі оқуға барынша дайын болуы тиіс. Бірінші орында – санитарлық нормаларды сақтау.
Бүгінгі таңда ең маңызды мәселелердің бірі – вакцинация. 10 тамызға дейін білім беру саласының қызметкерлерін 100% вакцинациялау жоспарланған.
Оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды сатып алуға 2 млрд 852 млн теңге бөлінді. Биыл БҚО-дағы 11 білім беру нысанының күрделі жөндеуіне шамамен 3 млрд теңге бөлінді. Білім басқармасының қызметкерлері хабарлағандай, мектептерде оқыған кезде әрбір сынып жеке кабинетте болады. Оқушылар бұрыңғыдай мектеп формасын киеді.
Сонымен қатар, Светлана Темірғалиева оқушылар контингентінің азаюына байланысты алты бастауыш мектеп жабылатынын атап өтті.
– Оқушылар контингентінің азаюына байланысты желі нормативіне сәйкес келмеуінен алты бастауыш мектеп жабылады – бұл Казталов ауданының Ащысай, Бестерек, Аққурай бастауыш мектептері, Теректі ауданындағы Қонысай бастауыш мектебі, Шыңғырлау ауданының Ұрысай бастауыш мектебі және Жаңақала ауданының Плантациялық бастауыш мектебі, – деді Светлана Темірғалиева.
Бұдан басқа, тағы үш негізгі мектепте оқушылар контингенті азайды – бұл Ақжайық ауданындағы Қадыркөл мектебі және И.Тайманов атындағы мектеп және Теректі ауданындағы Қызылжар негізгі мектебі. Бұл оқу орындары бастауыш мектептер болып қайта құрылады.