Халық санағы кезінде қазақстандықтардан тіл білу, дін, шетелге шығу жоспарлары туралы сұралады
Қазақстанда 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін өткізуді жоспарлап отырған халық санағы аясында тұрғындарға 90-нан астам сұрақ қойылмақ. Дәстүр бойынша-жасы, жынысы, ұлты, отбасы мүшелері туралы — санақ парақтарына жаңа мәселелер, соның ішінде дін, тілді меңгеру деңгейі енгізілді. Бұл туралы 17 тамызда өткен брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов хабарлады.

«Мысалы, тұрғын-үй жағдайлары туралы 8 сұрақ бар. Жеке адамдарға ең үлкен парақшада 42 сұрақ жинақталған. Бұдан бөлек, шетелдіктерге қойылатын сұрақтар бар», — деді Айдапкелов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, осы жолы қосымша сұрақтар да енгізіліп отыр. Соның ішінде пандемия және оның тұрмысқа қалай әсер еткеніне арналған сауалдар бар.
«Қазақстанда уақытша тұратын азаматтар туралы сұрақтар қосылды. Көші-қон мәселесі де қамтылып отыр. Мәселен, «Шетелге көшу жоспарыңызда бар ма?» деген сұрақ қосылды. Ол халықаралық ұйымдардың талабы бойынша әлемдегі көші-қон процестерін білу үшін енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту, неке, тілдерді меңгеру, табыс көздері, мүгедектік, діни қөзқарасы туралы сұрақтар бар. Осылайша біз халықтың санын ғана емес, сапалық көрсеткішін де анықтауды көздеп отырмыз», — деп атап өтті Айдапкелов.
Есік ашуға қорықсаңыз, не істеу керек
Халықты аралайтын мамандарға есік ашуға қорқатын адамдар sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн санақтан өте алады. Ол үшін алдымен тіркелу керек. Санақтың барлық парақшасын толтырып шыққаннан кейін ұялы телефон нөміріне «Сіз халық санағынан өттіңіз!» деген SMS-хабарлама келеді. Ал үйге планшет ұстаған адамдар келгенде SMS-хабарламаны көрсете салуға болады.
Айта кетері, 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн санақ өтеді. Ал 1 қазаннан бастап мамандар үйлерді аралап, жаппай сауалнама жүргізеді.
«Мамандар арнайы киіммен жүреді. Сосын әрбіреуінің мойнында мөрі басылған куәлік болады. Ал куәліктің нөмірі арқылы сайттан ондай маманның бар-жоғын тексеріп алуға болады. Сондықтан қорқудың қажеті жоқ», — деп атап өтті Айдапкелов.
Халық санағына тек вакцина алған мамандар ғана тартылады.
