БҚО-да электр энергиясының бағасы көтерілуі мүмкін
Бұл туралы ашық тыңдау кезінде белгілі болды-Табиғи монополиялар Департаменті «Бат.Қаз.ӨЭК» ЖШС-нің өтінімін қарады.
20 тамызда онлайн-режимде өткен қоғамдық тыңдаулар кезінде «Батыс Қазақстан Өңірлік Электржелілік Компаниясы» ЖШС компаниясының директоры Дина Ғалиметденованың айтуынша, Батыс қазақстан облысы бойынша электр желілері 82%-ға тозған.
«Электр беру желілеріне қызмет көрсету үшін бізде 2 мыңнан астам қызметкер болуы тиіс, бірақ қазір «Бат.Қаз.ӨЭК» — 1365 адам. Сонымен қатар, тозған электр желілері шұғыл жөндеуді қажет етеді. Жөндеуге қаржы жібере отырып, біз апаттар санын азайта аламыз. Қазір біз электр энергиясын тасымалдаудан алатын табыс желілерге қажетті көлемде қызмет көрсету үшін жеткіліксіз. Бұдан басқа, біз «Жайықжылуқуат» АҚ — нан шығынға сатып алатын электр энергиясының көлемі біз үшін жеткіліксіз, сондықтан біз оны тағы бірнеше компаниядан қымбатырақ сатып аламыз», – деді Дина Ғалиметденова.
Осылайша, электр желілерін жөндеу, кәсіпорын автопаркінің тозуын жою және «Бат.Қаз.ӨЭК»ЖШС қызметкерлерінің жалақысын көтеру электр энергиясының қымбаттауына әсер ететін негізгі факторлар болды.
Компания электр энергиясының тарифін 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап ҚҚС-сыз 1 квт/сағ үшін 5,26 теңгеден 6,22 теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отыр. Үш адамнан тұратын отбасы үшін есептеуіш бойынша ақы төлеудің шамамен алғандағы айырмашылығы 181 теңгені құрайды.