Мамин Ashyq қатысушылары үшін шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырды
Үкімет басшысы Асқар Мамин министрлер кабинетінің онлайн-отырысында жағдай тұрақталған өңірлерде Ashyq жобасына қатысушылар үшін шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырды.
«Жағдайы тұрақталған өңірлердегі ведомствоаралық комиссияға Ashyq жобасына қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күндері шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырамын», – дейді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының сөзінше, ел арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатыр.
«Алдыңғы аптада вирустың репродуктивті индексі 1-ден төмен болды және қазір 0,93 құрайды. Инфекциялық төсектердің 49 пайызы, ал реанимациялық төсектердің 46 пайыз бос емес. Барлығы 6,5 млн адам вакцинаның бірінші компонентін, 5 млннан астам адам екінші компонентті салдырды», – дейді ол.
Премьер-министр халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялау жұмысын күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, елімізде бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны азайып келеді. Мәселен, өткен тәулікте COVID-19 инфекциясы 5631 адамнан анықталған. БҚО 58 адамнан анықталып, жалпы ауырғандар саны 34 138 адамға жетті.
Сонымен қатар, өткен тәулікте коронавирустан 7 184 адам жазылып шыққан.
Қазір елімізде 123 226 адам коронавирустан емделуде, оның ішінде 28 577 пациент стационарда, 94 649 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр. 1 824 адамның жағдайы ауыр, 555 пациенттің жағдайы өте ауыр деп бағалануда.
Жалпы ел бойынша коронавируспен ауырғандар саны 748 851-ге жетіп отыр.