Карантин талабын бұзған Орал тұрғындары 3 млн теңге айыппұл төледі
Батыс Қазақстан облысында «Ashyq» жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері кейбір азаматтардың санитариялық-эпидемиологиялық жауапкершілігінің төмен екендігі байқалды.
Статистикалық мәліметтер көрсеткендей COVID-19-бен ауырғандар және олармен байланыста болғандар карантин талаптарын сақтамай, оқшаулау режимін бұзып қоғамдық орындарға бару жағдайлары тіркелу үстінде, деп хабарлайды Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Комитет таратқан мәліметтерге қарағанда, «Ashyq» қосымшасының деректері бойынша тамыз айында Батыс Қазақстан облысында адамдар көп жиналатын жерлерге екі аптаға оқшаулауға жататын 596 келуші анықталған.
Оның ішінде «қызыл» мәртебесі бар-351, «сары» мәртебесі бар – 245 адам. Үй карантинін бұзушылардың ең көбі Орал қаласында тіркелді. ПТР-тестінің оң нәтижесі бар 237 азамат және жұқтырғандармен байланыста болған 137 адам ойын-сауық орталықтарында, тамақтану орындары, базарлар мен ірі сауда желілеріне кіруге тырысқан.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша 2 683 640 теңге көлемінде 62 әкімшілік хаттама толтырылды.
Өңірімізде өткен тәулікте 134 адамнан анықталып, жалпы жұқтырғандар саны 35 277 адамға жетті.