28 жыл бұрын қоқыстан табылған оралдық офицер анасын іздеуде
Отандық журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Facebook-желіcіндегі парақшасында өз анасына іздеу салған оралдық офицердің хатын жариялады.
28 жастағы офицер жаңа туған баласын көшедегі дәретханаға тастап кеткен Атырау облысындағы келіншек туралы оқиғаны естігеннен кейін анасын іздеп, журналистке хат жазған.
«Көп адам осындай әжетханаға тасталып, қоқысқа лақтырылған балалардың өмірі ары қарай не болады деп ойлайтын шығар?! Соның бірі менмін…
28 жыл бұрын, Орал қаласында мені туған анам қоқысқа лақтырып кетіпті. Көп ұзамай сол жерден өтіп бара жатқан жақсы адамдар жылаған дауысымды естіп, тауып алып ауылға әкеліпті. Ол кезде полицияға айту, құжат рәсімдеу жоқ болса керек, мені 13 жыл бала көтермеген көршілерінің етегіне салыпты. Сол кісілерді анам-әкем деп өстім. Тәубә, еш нәрседен тарықпадым, адам болдым, оқыдым, өстім. Асырап алған ата-анам өмірден өтті. Сол кезде баяғыда мені тауып алған көршілерім ақиқатты айтып, қолыма бирка табыстады: «Исмагулова Роза, 01.05.1993, мальчик», – деп жазылыпты.
Қазір өзім үйлендім, 3 балам бар, әскери офицермін. Дегенмен, туған анаға деген сағыныш, оны табу, бір көру – арманым! Оны Сіз орындайтыныңызға сенемін. Анама еш өкпем жоқ, тірі болса көргім келеді, Балаларым тегін білсе деймін, бар арманым туған Анамды бір көру», – деп жазған офицер хатында.
«Орал қаласында перзентхана көп емес шығар. Мұрағат пен полицияға сұрау салдық. Бәлкім, менің Батыстағы оқырмандарым органнан жылдам шығар?! Бір азаматтың арманын орындауға атсалысайық, ағайын», – деп жазды хатпен бөліскен журналист Гүлмира Әбіқай.