Қазақстанда үздік ауыл әкімдері анықталды
Конкурс жеңімпазы «Үздік ауыл әкімі» статуэткасымен, түрлі номинация иегерлері мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының құрмет грамоталарымен марапатталады.
Қазақстандағы үздік ауыл әкімі анықталды. Екінші рет өткізілген байқауда Батыс Қазақстан облысындағы Шежін ауыл округінің әкімі Алғадай Жамбыл жеңімпаз атанды.
«Үздік ауыл әкімі» байқауын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырды, байқау 15 қазанда аяқталды.
Байқаудың негізгі мақсаты – жұмыста жоғары нәтижеге қол жеткізген, ауылдық елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосқан, сондай-ақ халықпен белсенді ашық жұмыс жүргізетін үздік ауыл әкімдерін анықтау және ынталандыру.
Байқауға қатысуға 14 облыстан 100-ден астам ауыл әкімі өтінім берген. Түркістан облысынан 21 әкім, Батыс Қазақстан облысынан 15 әкім және Жамбыл облысынан 14 әкім конкурсқа өтінім беріп, белсенділік танытты.
«Үздік атануға ат салысқан үміткерлер арасында Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Шежін ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл өңірлік және республикалық деңгейлерде ең көп балл жинап, көзге түсті«, – деп хабарлады мемлекеттік қызмет істері агенттігі.
Алғадай Жамбыл осы ауылда туып-өскен, мамандығы – мұғалім. Қызмет жолын Тасқала ауданында бастаған, 2019 жылы мемлекеттік қызметке ауысқан.
«Конкурстың республикалық кезеңінде ол ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы кооперативтерін жүзеге асыру арқылы қосымша жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобасын қорғады», – деп хабарлады ұйымдастырушылар.