БҚО-ның барлық мектептерінде санитарлық нормалардың бұзылғаны анықталды
Облыс бойынша мектеп асханаларының 94%-ында БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері оқушылардың денсаулығына қауіп төндіретін бұзушылықтарды анықтады.
Тексеру нәтижелері бойынша анықталған негізгі бұзушылықтар — бұл асханаларды технологиялық және жуу жабдықтарымен, ас үй және асхана ыдыстарымен, өндірістік үстелдермен және жиналмалы мүлікпен толық жарақтандырмау. Сондай-ақ, ас үй бөлмелерінде желдету, ауаны баптау және кәріз жүйелерінің жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Мектеп асханаларының үй-жайлары уақытында жөнделмеген. Зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша бірқатар азық — түлік өнімдерінің микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктері болды, жеткіліксіз термиялық өңдеуден өтті (пісірілмеген, күйдірілмеген),-деп хабарлады БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдың 9 айында олар білім беру ұйымдарының 68 ас блогын тексерді. Олардың 94% – ында, яғни 64 оқу орнында санитарлық нормалардың бұзылғаны анықталды.
– Жалпы сомасы 2 712 810 теңгеге 62 әкімшілік хаттама толтырылып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 64 нұсқама берілді.
Қазан айының басынан бастап бюджеттен 1-4 сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасы балалары үшін тегін тамақтандыруды қаржыландыру екі есеге ұлғайды. Енді бюджеттен мектеп асханаларын жалға алушыларға кіші сынып оқушысын тамақтандыру үшін 380 теңге, аз қамтылған отбасынан шыққан балаға 485 теңге төленеді.
Бұрын 1-4 сынып оқушылары үшін мектеп асханаларын жалға алушыларға 1-4 сынып оқушылары үшін 144,86 теңге және аз қамтылған отбасы балалары үшін 193,14 теңге есебінен төленген
Мөлдір САДЫРҒАЛИЕВА