Колонияларда бәріне орын жеткілікті – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев субсидия саласындағы миллиардтаған доллар ұрлыққа жауаптыларды жазалауды тапсырды.

«Деректер көңіл көншітпейді. Мемлекетке миллиардтаған доллар зиян келіп жатыр. Мен тергеу сапасына ерекше назар аударамын. Сіз қазір айтқан бұл тәжірибе бірнеше жылдан бері келе жатыр. Бұл жақында туындаған мәселе емес. Сондықтан одан әрі жоғары деңгейде тергеу жүргізуді тапсырамын. Біз барлық жауапты тұлғаны жазалауымыз керек. Колонияларда бәріне орын жеткілікті», – деп ескертті Президент.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Марат Ахметжановтың айтуынша, соңғы 5 жылда бұл салада 960 қылмыс тіркеліп, 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Агенттік басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы қылмыстарды тізбектеп тұрып айтты. Мәселен, жайылымдарды суландыруға 5 жыл ішінде 21 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Алаяқтар мен жемқорлар бұл көмекті шаруаларға жеткізбей отырған.
Қылмыстық схема келесідей: облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары өздерінің жеке кәсіпкерлері арқылы су сорғыларына қажетті күн панельдерінің арзан әрі сапасыз түрін сатып алған. Кейде ол құрылғыларды мүлдем орнатпай, тек жалған актілер жасап, ақша алып отырған.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің бөлім бастығы да қамауға алынды. Ол басқа адамдармен бірлесіп, 120 фермердің атынан жалған қағаздарға қол қойып, олардың шоттары арқылы ақша шығарып отырған. Мұндай қылмыстар бойынша тергеу қазір Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында да жүріп жатыр.
Қазан айында Жамбыл облысы Мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Искакова сотталды. Ол өзіне қатысы бар шаруа қожалығы үшін миллиондаған теңгеге субсидия бөліп отырған. Ал іс жүзінде ешқандай мал сатып алынбаған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау комитеті және оның облыстық бөлімшелерінің басшыларынан жиналған қылмыстық топ ұсталды. Олар Өзбекстанға ірі қара малды заңсыз шығарып отырғаны үшін кәсіпкерлерден тұрақты түрде пара алып отырған. Түркістан облысы инспекциясының тек бір маманының банк картасы бойынша 47 миллион теңгеден астам қаражат өткен.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының экс-бастығының ұлы Аграрлық несие корпорациясының ақшасын ұрлағаны үшін сотталды
БҚО бойынша Агрокредит корпорациясының қаражатын жымқыру ісінде жаңа айыпталушы пайда болды