БҚО-да болған кадрлық тағайындаулар
ҚР Президенті Әкімшілігі және аудандық мәслихат келісімімен, меритократия қағидаттарына сәйкес Бауыржан Айтмағамбетов Тасқала ауданының әкімі болып, Тілекқабыл Ғабдушев Теректі ауданының әкімі болып тағайындалды.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Бауыржан Есқайырұлы 1981 жылы дүниеге келген.
Білімі – жоғары. Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін жол қозғалысын ұйымдастыру және құқықтану мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Әр жылдары «Жайық Строй сервис» ЖШС-нің менеджері, Тасқала ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің экономикалық және әлеуметтік даму мәселелері бойынша бас маманы, Тасқала ауданы, Мереке ауылдық округінің әкімі, Тасқала ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс жасады.
2020 жылдан бастап БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Тілекқабыл Александрұлы 1979 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Білімі – жоғары. Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін тарих пәні мұғалімі және экономика және бизнес магистрі мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Әр жылдары Орал қаласындағы 19-мектепте мұғалім, Ақжайық аудандық білім беру бөлімінде бас маман, Абай атындағы мектеп-гимназия директорының орынбасары, Ақжайық ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы болып жұмыс жасады.
2016 жылдан бастап бүгінге дейін Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.