Оралда бейбіт жиынға қатысқан екі белсенді 20 тәулікке қамалды
Орал тұрғындары Амангелді Оразбаев пен Маруа Ескендірова бейбіт жиынға қатысқаны үшін 20 тәулік әкімшілік қамауға алынды.

Екеуін де полицейлер 30 қараша күні ұстап, бөлімшеге алып барған. Сол кеште бірден сот отырысы өткен.
Оразбаев пен Ескендірова 27 қарашада «Қазақ халқының даңқты қыздары» монументінің алдындағы алаңда өткен бейбіт акцияға барғаны үшін жауапқа тартылды. Іс материалдарында бұл шара «заңсыз әрекет» деп сипатталған.
Сот отырысында Оразбаев пен Ескендірова Қазақстанның бейбіт жиналыс өткізу ережелерін «бір жыл ішінде қайталап» бұзғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сотта сөз сөйлеген Маруа Ескендірова полицияның заңды өрескел бұзғанын айтты.
— Мені көшеде ұстап, көлікке қатты итеріп жіберді. Ол кезде ешқандай тәртіп бұзбастан, жай үйге қайтып бара жатқан едім. Ұстаған сәтте полицейлер өздерін таныстырған да жоқ, құжаттарын да көрсетпеді, шақырту қағазын бермеді, ұстаған себебін еш түсіндірген де жоқ, — деді Ескендірова.
Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.
— Бұл құқығымызды қорғау мақсатындағы жиналыс болды. Іс-шараны өткізетінімізді ескертіп, заң бойынша хабарлама жібердік. Акцияға бірнеше адам қатысты, ешқандай тәртіп бұзбадық. Әрқайсымыз өз пікірімізді айттық та, тарап кеттік. Бұл шара заңға қайшы емес, — деді Ескендірова.
Сот отырысында Амангелді Оразбаев та осындай пікір білдірді, өзіне тағылған айыпты мойындамады.
Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаев — Оралда наразылық акцияларын жиі ұйымдастырып тұратын қоғам белсенділері. Бұл жиындар кезінде олар биліктен елде реформа жүргізуді, саяси себеппен қудалауды тоқтатуды және саяси тұтқындарды босатуды талап етеді. Екеуі де осыған байланысты бірнеше рет ұсталып, қамауға алынған.
Қазақстан Конституциясы азаматтардың бейбіт жиындарды еркін өткізуіне кепілдік береді, алайда қазіргі заң жергілікті билік органдарының келісімінсіз митинг, пикет және басқа да жиындар өткізуге мүмкіндік бермейді. Жетекші халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл заң талаптарын жиі сынға алады.
Әкімдіктердің бейбіт жиын өткізуге келісім бермеуіне көп мүмкіндігі бар. Билік органдары келісім бермеген жиын «заңсыз» деп танылады, оған қатысқандар ұсталып, айыппұл арқалайды не қамауға алынады алынады.
ДЕРЕККӨЗІ: azattyq.