Батыс Қазақстан облысында екі жаңа су қоймасы салынады
Премьер-Министрінің Орынбасары Роман Скляр БҚО-да жаңа су қоймаларының құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыс Қазақстан облысында су қоймалары мәселесі бойынша екі су қоймасының құрылысы және бір су қоймасын жаңғырту қарастырылған. Мәселен, Ресей Федерациясынан Еділ суын беру жөніндегі қызметтерге республикалық бюджеттің шығыстарын 30% — ға дейін төмендету және 12 мыңнан астам сумен қамтамасыз ету үшін. Казталов ауданы Жалпақтал ауылының үстіндегі Қараөзен өзенінде көлемі 28 млн.м3 су қоймасын салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды және оны 2022-2024 жылдарға іске асыру жоспарлануда», — деп жазды Роман Скляр депутаттық сауалға берген жауабында.

Сондай-ақ, оның айтуынша, қазіргі уақытта жобалық сыйымдылығы 10-12 млн м3 құрайтын Казталов ауданы Сексенбай ауылының маңында су қоймасын салуға техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда.
Бұдан басқа, Киров су қоймасын қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалды, оның құны 2,6 млрд.теңгені құрайды, жобаны іске асыру 2022-2024 жылдарға жоспарланып отыр.

«Сонымен қатар, Жайық өзенінен су тұтынуды азайту мақсатында суару жүйелерін қайта құру, қайталама су пайдалану, егіншілікте тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін қолдану және т. б. тетіктері қарастырылуда. Жалпы, депутаттық сауалда көтерілген ұсыныстар Үкіметтің тұрақты бақылауында және аталған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жалғасатын болады», — деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
Осы тақырыпта: БҚО-да құны 3,5 млрд теңге болатын су қоймасын салу жоспарлануда
БҚО жеке инвестор су қоймасын қалпына келтіруді жоспарлап отыр
Ресей су қоймасы Жайық өзеніндегі қажетті су деңгейін сақтауға көмектеседі
