Қазақстан ІІМ наразылық басталғаннан бері алғаш рет жағдайға түсініктеме берді
Алматы. 5 қаңтар. Қазақстанның ішкі істер министрлігі наразылық басталғаннан бері алғаш рет жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазТАГ тілшісі.
«Еліміздің бірқатар аймақтарында заңсыз акциялар өтті. Жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураның ескертулеріне қарамастан, азаматтар арандатушылық шақыруларға бой алдырып, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіре отырып, құқыққа қарсы әрекеттер жасай бастады. Сонымен қатар, азаматтардың жекелеген топтары жолдарды жауып, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына тосқауыл қойды», — делінген сәрсенбіде таратылған ІІМ хабарламасында.
Сонымен қатар, полицияның мәліметінше, «құқық қорғау және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасалды».
«Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында әкімдіктерге шабуыл жасалды, онда әйнектер, есіктер қағылып, басқа да материалдық залал келтірілді. Көптеген тастарды, таяқтарды, газ, бұрыш баллондарын және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді пайдалану жағдайлары болды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу және тәртіп бұзушыларды ұстау бойынша заңда көзделген шараларды қабылдады», — делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, «Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде ішкі істер органдарының 95 қызметкеріне дене жарақаттары жасалған»,»37 қызметтік автокөлік зақымдалған».
«Билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық, бұзақылық, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасаудың 13 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталды. Ішкі істер органдары қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.