ҰҚШҰ бітімгершілік күштері Қазақстанда қалмайды, деп сендірді Тоқаев
Терроризмге қарсы операция аяқталғаннан кейін олар кетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс сессиясында ұйымның бітімгершілік күштері терроризмге қарсы операция аяқталғаннан кейін Қазақстаннан кетеді деп сендірді.
«Жақын арада кең ауқымды лаңкестікке қарсы операция аяқталады, онымен бірге ҰҚШҰ миссиясы да аяқталады», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар, ол ҰҚШҰ өзінің тиімділігін беделді әскери-саяси ұйым ретінде көрсеткенін атап өтті.
«Бұл мемлекеттеріміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты жұмыс істейтін тетігі. Іс жүзінде болған оқиғалар мықты халықаралық институт ретінде жаңа сапаға ие болған ұйымның дамуындағы бетбұрыс болды», – деп есептейді Мемлекет басшысы.
Елге барлығы 2030 адам және 250 бірлік техника көлемінде ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері келді. Олар әуежайлардың, әскери қоймалардың және басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл ҰҚШҰ-ның алғашқы бітімгершілік миссиясы.
Дереккөзі: vlast.kz