26 қаңтардан бастап Алматымен екі облыста террористік қауіптің «қызыл» деңгейі алынады
26 қаңтар сағат 00.00-ден бастап Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарында терроризмге қарсы операция режимі аяқталып және террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейі алынады, деп хабарлайды Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб.
«Осы уақыттан бастап көрсетілген өңірлерде террористік қауіптің жоғары «қызғылт сары» деңгейі сақталады», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, жедел штаб Нұр-Сұлтан қаласында террористік қауіптің жоғары «қызғылт сары» деңгейі және Батыс Қазақстан облысында қалыпты «сары» деңгейі сақталатынын атап өтті.
Ал 26 қаңтар сағат 00.00-ден бастап Қарағанды облысының Балқаш қаласында және Солтүстік Қазақстан облысында террористік қауіптің қалыпты «сары» деңгейі алынады.
Одан бөлек, жедел штаб жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу жалғасып жатқанын жеткізді.
«Қару мен жарылғыш заттарды табу мақсатында құқықтық тәртіп органдарына көлік құралдарының қозғалысына бақылауды жүзеге асыруға және оларды толық қарауды жүргізуге рұқсат етіледі.
Азаматтарға төзімділік танытып, құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарауды, олардың заңды талаптарын қатаң орындауды сұраймыз», – дейді Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб.