Орал полиция бастығының орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталды
Бүгін, 5 ақпанда БҚО ПД баспасөз қызметі аталған факті бойынша ҚР ҚК 366-бабы (Пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Күдікті Эдик Булатов УҰИ-ға қамалды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше 4 ақпанда ҚР ІІМ БСБ қызметкерлері Орал қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Эдик Булатовты ұстады. Ол 4 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Сенімді ақпарат көзінше, полковник Булатов есірткіге байланысты қылмысты «шешуге» уәде бергені үшін пара алды. Оны ұстауды Елордадан ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің тобы жүзеге асырды.
ПД бастығының орынбасары Эдик Булатов ҚР ІІМ қызметін 1995 жылы бастады. Ол Орал қаласына 2018 жылы көшіп келген. Алдымен ол өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы лауазымын атқарды, содан кейін есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасын басқарды, содан кейін Орал қаласы ПД бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Талғат Омаров