БҚО-да жеті жасар бала септикке түсіп кеткен
БҚО-да септикке құлап кеткен жеті жасар бала құтқарылды, деп хабарлайды БҚО ТЖД-нің Instagram-дағы ресми парақшасында.

Ағымдағы жылдың 8 ақпан күні 101 пультіне 13 сағат 38 минутта Теректі ауданы, Подстепное ауылы, Лесная 40 мекенжайында кішкентай бала септик шахтасына түсіп кеткені жөнінде хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар аталған мекенжайда 2015 жылы туған кішкентай ер бала ойнап жүріп, жаңадан салынып жатқан үйдің ауласындағы септик шахтасына түсіп кеткенін анықтады.

Құтқарушылар әлі іске қосылмаған құрғақ септиктің шахтасында жатқан баланы альпинисттік құрылғылардың көмегімен тез арада құтқарып алып, жедел жәрдем қызметіне берді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, бала облыстық балалар ауруханасының травматологиялық бөлімшесінде жатыр.
«Зардап шеккен балаға жабық бас сүйек-ми жарақаты, мидың соғылуы, париетальды сүйектің сызықтық сынуы диагнозы қойылды», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
