Оралдық бизнесмен Конеевті сот 5 жылға бас бостандығынан айырды

Бүгін, 14 ақпанда Орал қалалық соты «Марасант» ЖШС және «Бірлік» ЖШС директоры Аманжол Конеевті «Салық төлеуден жалтару» бабы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырды. Кәсіпкерді «Алаяқтық» эпизоды бойынша сот ақтады.
Сот Аманжол Конеевті ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі «Алаяқтық» бойынша ақтады, ал ҚР ҚК-нің 245-бабы 3-бөлігі «Салық төлеуден жалтару» бойынша кінәлі деп танып, қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтей отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
— Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне рақымшылық жасауға байланысты жаза мерзімін 1 жылға қысқартсын. Жазаны өтеу мерзіміне қамаудағы бір күн, екі күн ұстау болып есептелсін. Конеевтен 1 миллиард 665 миллион теңге шығын өндіріп алынсын, — деді судья Асқар Исмаилов.
Конеевтің қорғаушылары үкіммен келіспеді және оған шағымдануға ниетті.
Аманжол Конеев 2020 жылдың 12 қарашасынан бастап қамауда отырғанын айта кету керек, бүгінгі күні ол тергеу изоляторында 15 айдан астам уақыт өткізді. Сот үкіміне сәйкес ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде, яғни колония-қоныста өтейді.
Естеріңізге сала кетейік, «Бірлік» ЖШС және «Марасант» ЖШС құрылыс компанияларының иесі Аманжол Конеевтің соты қыркүйек айының соңында басталды. Оған көппәтерлі үй салу кезінде 143 миллион теңге алаяқтық жасады және 1,5 миллиард теңге сомаға салық төлеуден жалтарғаны үшін айып тағылды. 2021 жылғы 27 желтоқсанда сот жарыссөздері кезінде прокурор Саралеев соттан Конеевті кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушының адвокаттары соттан өз клиентін толығымен ақтауды сұрады және тергеу органдары оған заңсыз қылмыстық іс қозғады деп мәлімдеді.
Талғат Омаров
