Оралда автовокзал банкроттың алдында тұр
Батыс Қазақстан облысында тұрғындар ауданаралық және облысаралық автобустарды көбейтуді сұрап отыр. Алыс жолға таксимен қатынау қымбат әрі қауіпті. Себебі оқыс оқиға көбейіп кеткен. Ал автовокзал өкілдері ішкі рейстерді арттыруға қаржылық қиындықтардың қолбайлау екенін айтады. Пандемия кезінде халықаралық бағыттардың жабылуы кәсіпорынның жұмысын шатқаяқтатқан. Мәселе шешіле ме?

Аймақта қала мен аудандар арасында автобустар 25 бағыт бойынша қатынайды. Алайда жүру кестесі жұртқа қолайсыз. Жолаушы көп, көлік аз.
Альфия Чекаева, Қазталов ауданының тұрғыны:
– Бір автобусқа екі ауданның адамдары сыймайды ғой. Ана ауданнан келгенде мына ауданның адамдары сыймай қалады. Сондықтан неғұрлым көлік көп болса, соғұрлым халықтың да жағдайы жақсы болады. Әрі олардың қалталарына ауыр соқпайды ғой. Таксиге 3-4 мың теңге төлегенше, автобусқа 1-2 мың теңгелерін төлеп, шаруаларын бітіріп, кері қайтып келеді ауылға.
Тимур Шиниязов, БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
– 25 әлеуметтік маңызы бар маршруттарымыз бар. Бұл жерде бюджеттен субсидия қарастырылып отыр. Кәсіпорынға тиімсіз болғандықтан, бюджеттен қаражат қарастырылып отыр. Өткен жылы 175 млн теңге қаражат бөлінді. Сол 25-тің 14 маршрутын субсидиялап келдік. Енді мына жергілікті халықтан қосымша автобус ашу, қосу сұранысы бар. Бұл да енді бюджеттің мүмкіндігіне қарай, күнделікті күн тәртібімізде тұр. Жылдың ішінде бұл мәселе де біртіндеп шешімін табады деп ойлаймыз.
Ал облысаралық рейстерге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінбейді. Мұндай маршрут аймақта Орал-Атырау бағытында ғана. «Пандемия басталғалы бері жолаушылар азайып кетті» дейді автовокзал қызметкерлері. 2019 жылы облысаралық автобустарда 40 мың билет сатылса, 2020 жылы небәрі 7 мың билет сатылған екен. Сондықтан былтыр рейстер саны едәуір қысқартылған.
Александр Трепутень, автобус жүргізушісі:
– Қазір жүргелі тұрмыз. 21 жолаушы мінді. Автобуста әр рейсте жолаушылардан гөрі бос орын көп болады. Айына екі рет вахта әдісімен жұмыс істейтін адамдар мінеді. Сол кезде ғана табыс түседі. Ал басқа уақытта шығынды да жаба алмаймыз.
Халықаралық маршруттар қазір тіптен жоқ. Бұрын Ресейдің шекаралас облыстарына жолаушылар тасымалы қызу қарбаласқа толы еді. Карантинге байланысты шекара жабылып, барлық рейстер тоқтатылды. Салдарынан автовокзал шаш-етектен шығынға батқан. Пандемияға дейін кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істесе, кейін олардың саны екі есе қысқарды. Мекеме басшылығы дағдарыстан шығу жолын Үкімет деңгейінде қарауды сұрап отыр.
Талгат Бисекенов, автовокзал басшысы:
– Ресейдің шекаралас облыстарына қатынайтын халықаралық деңгейдегі маршруттар, яғни Саратов, Самара, Тольятти, Орынбор, Бузулук, Қазан маршруттары жабық тұр. Сол себептен автовокзалдың жағдайы өте мәз емес. Сол себептен Үкімет тарапына қаржылай көмектесуді сұрап хат жаздық. Жалпы, біздің облыста ғана емес, Қазақстан бойынша автовокзалдардың жағдайы осындай күйде тұр. Көбі банкротқа ұшырағалы тұр.
Шекара ашылса, автовозкалдың жұмысы қайта жандануы мүмкін. Алайда эпидахуал әзірге мәз емес. Сондықтан мамандар облысаралық рейстерге республикалық бюджеттен субсидия қарастыру қажеттігін айтады. Кәсіпорын Үкіметтен үміт күтеді.
Дереккөзі: 24.kz