Қазақстандықтарға енді ашық ауада маска тағу міндетті емес
Қазақстанда енді ашық ауада бетперде тағу міндетті емес. Сондай-ақ, «сары» және «жасыл» аймақтарда Ashyq қосымшасын пайдаланбауға болады.

Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мынадай шешім қабылдады:
- Эпидемиологиялық қауіптің «сары» және «жасыл» аймақтарда барлық нысанда: «Ashyq» мобильді қосымшасын міндетті түрде пайдалану, әлеуметтік қашықтықты сақтауға қойылатын талаптар, міндетті термометрия алынып тасталады;
- Барлық аймақта ашық ауада маска тағу міндетті емес;
- COVID-ке қарсы вакцина алмаған қызметкерлерге күндізгі режимде жұмысқа баруға шектеу қойылмайды;
- Вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлер үшін вахтаға кіру және шығу кезінде ПТР әдісімен міндетті зертханалық тестілеу алынып тасталды.
Вице-премьер Ералы Тоғжанов әкімдіктерге азаматтарды вакцинациялау мен қайта вакцинациялау қарқынын күшейтуді тапсырды.
Қазіргі уақытта елдің барлық өңірі «жасыл» аймақта тұр.