БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарына бизнесмендер мен еріктілер көмек көрсете бастады
Қаратөбе, Жәнібек, Шыңғырлау және Бөрлі аудандарында су тасқыны салдарын жою үшін жергілікті жастар қатарынан еріктілер жасақтары ұйымдастырылды.

Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әділгерей Зұлхаров облыста еріктілер штабы құрылғанын хабарлады.
— Әрбір зардап шеккен ауданда 30 адамнан тұратын еріктілер жасақтары бар. Ауыл тұрғындарына көмек көрсетіледі, себебі қазір қираған кенттерді қалпына келтіру өте маңызды, — деді Әділгерей Зұлхаров.
Оның айтуынша, еріктілер штабы жанынан зардап шеккен тұрғындар үшін қаражат жинау ашылды.
— Бүгінгі таңда біз киім-кишекті, ұзақ сақталатын азық-түлікті, дәрі-дәрмектерді, жеке гигиена заттарын және бірінші кезекте қажетті заттарды жинауды жалғастырамыз. Ең қысқа мерзімде қажетті заттар мен азық — түлік көлемін жинағаннан кейін барлық жүктер аудандарға жөнелтілетін болады, — деп хабарлады Әділгерей Зұлхаров.
Ол БҚО тұрғындары өз жерлестеріне бей-жай қарамағанын, көбісі көмек пен қолдау көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар, жүзден астам адам волонтерлік көмек көрсетуге дайын.
Су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындарына гуманитарлық көмек жинау жөніндегі штаб Ғ.Қараш көшесі, 16 мекен-жайы бойынша облыстық теннис орталығында орналасқан.
Көмек жинауға қатысты барлық сұрақтар бойынша нөмірге қоңырау шалуға болады: 8 708 704 77 78 – Әділгерей Зұлхаров, штаб жетекшісі.
Зулхаровтың мәліметінше, зардап шеккен тұрғындарға 157 адам қаражат жіберген, сондай-ақ облыстық мәслихат пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары көмек көрсеткен.
Облыс кәсіпкерлері болған апаттан тыс қалмай, эвакопунктерде тұратын адамдар үшін азық-түлік жинады.
Кәсіпкер Аркадий Рубцов 2 тонна картоп (80 тор), Нұргүл Ашикова – 1 тонна картоп (40 қап), Мұрат Жақыбаев – 4 тонна ұн (80 қап) және 208 литр күнбағыс майы, Тұрарбек Тілемісов – 5 тонна ұн (25 кг 200 қап), 402 қаптама (5 кг) макарон өнімдері, 408 литр күнбағыс майы және 200 қорап шай бөлді.
Кәсіпкер Тұрарбек Тілемісов Оралдан Жәнібек (500 км) және Қаратөбе (300 км) ауылдарына екі КамАЗ арқылы азық-түлік жеткізуді ұйымдастырды.
Мария ДРАЧЕВА
