Оралда 10 миллиард теңге тұратын тергеу изоляторының ғимаратымен не істеу керектігін білмейді
Оралда тергеу изоляторы ғимаратының құрылысы осымен төртінші жыл тоқтап тұр. Өткен жылы нысанды медициналық мекемеге тапсыру жоспарлары жария етілді. Бірақ әлі күнге дейін объектінің тағдыры туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті нысанды 2013 жылы салуды бастағанын атап өтті. Тұтқындарды Оралдың дәл орталығында орналасқан изолятордан жаңа тергеу изоляторына ауыстыру керек болды.
«Қазіргі тергеу изоляторы апатқа дейінгі жағдайда. Ғимарат XIX ғасырда Екатерина II-нің жарлығымен салынған. Тергеу изоляторларын салу барысында құрылыс нормаларының бұзылуы анықталды. Нысанда жұмыстардың шамамен 70 пайызы орындалды. Қазіргі уақытта ғимарат Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің балансына берілді. 2018 жылдан бастап құрылыс тоқтап қалды», – деді БҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Асқар Тілегенов.
БҚО әкімдігі қазір құрылысы аяқталмаған нысанның құрылыс басқармасының балансында екенін нақтылады.
«Салынып бітпеген тергеу изоляторының ғимаратын әлеуметтік нысанға беруді жоспарлап отырмыз. Оның мақсаты инвесторлармен келіссөздерге байланысты болады»,-деді БҚО әкімінің баспасөз хатшысы Нұрхат Жанбоз.
Өткен жылы облыс әкімдігінде өткен отырыста нысанды медициналық мекемеге беруге болады деп мәлімдеді. Бірақ қазір мұндай нұсқалар қарастырылмайды.
«Бұл жерде кардиологиялық орталықты немесе емхананы орналастыру туралы мәселе тұрды. Бірақ қазіргі уақытта бұл мәселе күн тәртібінен алынып тасталды», – деді БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхат Балықов.
Жобаның жалпы сомасы 10 миллиард теңгені құрады. Бұл қаражаттың басым бөлігі игерілгені атап өтілді.
2019 жылы Орал қалалық сотында Қылмыстық-Атқару Жүйесі Комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бекболат Төремұратовтың және «Бура строй» ЖШС директоры Сергей Барабошконың ісі бойынша үкім шығарылды. Барабошко тергеу изоляторын салу кезінде алаяқтық жасады деп айыпталып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, Төремұратов рақымшылыққа байланысты негізгі жазадан босатылды. Сотталушылар мемлекетке 1,5 миллиард теңге шығын төлеуге міндетті.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ: Оралда құрылысы аяқталмаған тергеу изоляторының ғимаратында медициналық торап орталығы ашылмақ
ІІМ Оралдағы аяқталмаған түрмені БҚО әкімдігіне тегін береді