ҚР Премьер-Министрі БҚО әкіміне азық-түлік бағасын бақылауда ұстауды тапсырды
Премьер-Министр Әлихан Смайылов БҚО – ға сапары барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының бір ай ішінде орташа есеппен 14% – ға өсуі бойынша Оралдың көшбастап тұруына қатысты пікір білдірді. Әкім Ғали Есқалиевке азық-түлік бағасының өсуін тежеуді ұсынды.
22 сәуір, жұма күні ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов БҚО-ға жұмыс сапары барысында облыс басшылығымен кездесті.
БҚО әкімдігінде өткен жиында Премьер-министр өңір үшін бірқатар маңызды мәселелерді, соның ішінде азық-түлік бағасының күрт өсуін көтерді.
— Бүгінде әлемде азық-түлік тауарлары бағасының күрт өсуі байқалады. Осыған байланысты Үкімет пен өңірлер әкімдерінің негізгі міндеті өнімнің күрт қымбаттауына жол бермеу және қазақстандық нарық үшін бағаның әлемдік өсуін барынша нивелирлеу», — деді Әлихан Смайылов.
Ол 2022 жылдың басынан бері БҚО-да әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуі 14% – ды құрағанын атап өтті. Бұл ҚР бойынша азық-түлік бағасының ең жоғары секіруі. Смайылов әкімге сауда үстемелерін бақылауды күшейтуді тапсырды.
– Оңтүстік өңірлерден және Орталық Азияның көршілес елдерінен ерте пісетін көкөністерді жеткізу бойынша тікелей шарттар жасасу қажет. Тапшылық пен бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу үшін форвардтық схема бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу мәселесін пысықтау керек, — деді ҚР Премьер-Министрі.
Серік ЕСЕНОВ