БҚО-да су тасқыны келтірілген залал анықталды
Су тасқыны облыстың төрт ауданындағы 79 тұрғын үйге, мектепке, медициналық пунктке және шекара заставасына зақым келтірді.
Облыс әкімдігінде кеше, 27 сәуір кеңес өтті, оның басты тақырыбы су тасқыны болды. 31 наурызда үлкен су алдымен Қаратөбе ауданына, кейінірек Жәнібек, Бөрлі және Шыңғырау аудандарына ағыла бастады. Ондаған үйлер су астында қалды, мал қырылды, жүздеген ауыл тұрғындарын эвакуациялауға тура келді. Бұл аудандарда төтенше жағдай жарияланды.
БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов келтірілген зиянның мөлшерін анықтау үшін аудандарда арнайы комиссия жұмыс істей бастағанын хабарлады. Билік тәуелсіз бағалаушылармен және техникалық сараптама жүргізетін компаниялармен шарт жасасты. Су тасқыны кезінде барлығы 79 тұрғын үйді су басты. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, олардың 30-ы тұруға жарамсыз деп танылды, 49 үйде тұруға болады. Мектепке, медициналық пунктке және шекара заставасына материалдық залал келтірілді. Сонымен қатар, 200 – ге жуық мал қырылды, оның 45-і ірі қара мал.
– Аудандық және облыстық маңызы бар жолдардың 24 учаскесі шайылып кетті, екі көпір қирады. Бірінші кезекте Жәнібек және Бөрлі аудандарынан зардап шеккен 103 отбасыға 153 мың теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек төленді. Биыл мамыр айында Қаратөбе ауданынан тағы 29 отбасы төлем алады. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, Қаратөбе ауданының Шалғын ауылындағы 23 үй және Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылындағы жеті үй тұрғын үйге мүлдем жарамсыз деп танылды. Біз осы елді мекендерде типтік жоба бойынша тоғыз екі пәтерлі және 12 бір пәтерлі үй салу туралы шешім қабылдауымыз керек. Қажетті сома облыстық бюджет резервінен немесе қоғамдық-әлеуметтік қордан бөлінетін болады. Бұл мақсатқа барлығы 555 миллион теңге қажет, – деді Тілепберген Каюпов.
Су басқан, бірақ сараптама қорытындысы бойынша тұрғын үйге жарамды деп танылған үйлерге келетін болсақ, олардың иелеріне жөндеу үшін ақшалай өтемақы төлеуді жоспарлап отыр. Жәнібек ауданында осындай 31 үй бар, қажетті сома 47,4 миллион теңгені құрайды. Бөрлі ауданында су басқан 15 үйдің иелеріне өтемақы демеушілер есебінен төленеді. Өлген малдың иелеріне де жеке қаражат есебінен көмек көрсетіледі.
Тілепберген Каюповтың айтуынша, Шалғын кентінде құны 600 миллион теңгені құрайтын бір әлеуметтік кешен салынады. Ақшаны облыстық бюджет резервінен немесе қоғамдық-әлеуметтік қордан бөлу жоспарлануда.
БҚО бюджетінің резервтік қаражаты есебінен 24 жол учаскесі мен екі көпір қалпына келтіріледі. Алдын ала деректер бойынша, бұған 415 миллион теңгеден астам қаражат қажет болады. Облыс әкімі орынбасарының есептеуінше, су тасқыны салдарын жоюға 1,6 миллиард теңге қажет болады.
Өңір басшысы Ғали Есқалиев мемлекет су тасқынынан зардап шеккендерді өз қайғысымен жалғыз қалдырмайтынын және барлық қажетті көмекті көрсететінін атап өтті.
– ТЖ салдарын жоюға көмектескендердің барлығына алғыс айтқым келеді. ТЖД және шекара қызметінің қызметкерлеріне жеке алғысымды білдіремін. Қазір бұл аудандарда үлкен проблемалар жоқ, біз мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдауды көрсетеміз. Біз бәрін қалпына келтіреміз, үй, мектеп, жол саламыз. Бізде төтенше жағдайлар жөніндегі жол картасы бар, ол бойынша 49 ауылдық елді мекенде су басу қаупі болған. Осы 49 ауылдың бірде-біреуі су астында қалған жоқ, бұл да біздің қызметтеріміз бен мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының нәтижесі. Өкінішке орай, облыстың төрт ауданындағы ауылдарды су басты, ең көп зардап шеккен Шалғын және Жақсыбай ауылдарының тұрғындары. Нысандарды қалпына келтіру және салу жұмыстары белгілі бір уақытты алады, бірақ біз бәрін мүмкіндігінше тез жасаймыз. Тұрғын үйлер мен мектептердің типтік жобалары бар. Сатып алулар бір көзден жүргізіледі, қаржы басқармасына ақшалай қаражаттың мақсатты және тиімді пайдаланылуын қадағалауды тапсырамын, – деді Ғали Есқалиев.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ: БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға келтірілген залалды қалай өтейді
БҚО бірқатар аудандарында су тасқынына байланысты төтенше жағдай қалыптасты
БҚО-да көпбалалы ана су тасқынынан зардап шеккен ауылда үйінен айрылды
БҚО-да еріген су мектепті басты
БҚО Қаратөбе ауданы Шалғын ауылының тұрғындары биліктен жаңа үйлер салуға көмек күтеді
БҚО-ның Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарында төтенше жағдай жарияланды (ВИДЕО)