Орал автобустарында ағымдағы жылдың шілде айынан бастап жол жүру құны қолма-қол төлеу кезінде 150 теңге болады
Әділет министрлігі Оралда қоғамдық көліктерге сараланған тариф енгізу туралы қаулыны мақұлдады. Қаланың қоғамдық кеңесінің мүшелері отырыста ұсынысты қолдады.

Бүгін, 13 мамырда қалалық әкімдікте қоғамдық кеңес мүшелерінің отырысы өтті, онда қалалық қоғамдық көліктерде сараланған тариф енгізу мәселесі талқыланды. Отырысқа 23 қоғамдық ұйымның 15-і ғана қатысты.
Қала әкімдігінің ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев қолма-қол ақшамен жол жүру төлемі теңгелік айналымның ұлғаюына, тасымалдаушылардың кірістерін толық алмауына, сол арқылы тасымалдаушылардың салық салынатын базасының төмендеуіне қауіп төндіретінін хабарлады. Орал қаласының ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің мамандары бірнеше жылдан бері қоғамдық көлікте сараланған тариф қолданылатын Алматы, Атырау және Ақтөбе сияқты қалалардың жұмыс тәжірибесін зерттеді.
– Біз тарифтік комиссияның отырысында сараланған тарифті белгілеу туралы мәселені көтердік, онда қалалық маршруттарға сараланған тарифті енгізу туралы шешім қабылданды. Қолма-қол ақшасыз төлем түрінде тариф өзгеріссіз қалады – 80 теңге, ал қолма — қол ақшамен төлеу кезінде тариф 150 теңгені құрайды, – деп хабарлады Өмірәлиев.
Қала әкімінің барлық деңгейлерде (мәслихат, Атамекен) келісілген сараланған тарифті енгізу туралы қаулысы әділет министрлігіне жіберілді. ТКШ бөлімі оң жауап алды.
– Әділет министрлігі сараланған тарифті енгізуге рұқсат берді. Қазір бөлім мамандары қоғамдық көліктерде сараланған тарифті енгізу жұмыстарын жүргізуде, – деді ТКШ бөлімі басшысының орынбасары.
Қанат Өмірәлиев Қоғамдық кеңес мүшелерінен аталған жобаны қолдауды сұрады. Барлық 15 қоғамдық ұйым Өмірәлиевтің ұсынысын бірауыздан қолдады.
Осыған байланысты осы жылдың шілде айынан бастап сараланған тарифті енгізу жоспарланып отыр: қолма — қол ақшасыз төлем жасаған кезде жол жүру құны өзгеріссіз қалады – 80 теңге, қолма-қол ақшамен төлеген кезде-150 теңге.
Серік ЕСЕНОВ