БҚО мектептерінде мейрамханалар мен кафелерде мектеп бітіру кештерін өткізуге тыйым салынды
Пандемия өтіп, ойын-сауық мекемелеріне баруға салынған тыйымның алынғанына қарамастан, облыстық білім басқармасы мектеп қабырғасында мерекелік отырыстар, қала (аудан) ішінде жалға алынған автомобильдерде экскурсиялар өткізуге үзілді-кесілді тыйым салу туралы шешім қабылдады. Мейрамханаларда, кафелерде және басқа да ойын-сауық орындарында бітіру шараларын ұйымдастыруға тыйым салынады.

Бұл туралы бүгін, 26 мамырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева хабарлады.
Оның айтуынша, мектеп түлектеріне аттестат тапсыру салтанатты рәсімі облыс бойынша 16 маусымда өтеді.
Іс-шараларды балалар мен ата-аналардың қатысуымен мұғалімдердің өздері ұйымдастыруы керек. Бітіру кештерінде жүргізуші мен аниматорлар болмауы керек.
Айгүл Мыңбаева мектеп қабырғасында мерекелік отырыстар өткізуге, сондай-ақ мейрамханаларда, кафелерде және басқа да ойын-сауық орындарында бітіру іс-шараларын ұйымдастыруға үзілді-кесілді тыйым салынатынын атап өтті. Мектеп мұғалімдеріне, сынып жетекшілеріне және мектеп әкімшілігіне оқушылар мен олардың ата-аналарынан сыйлықтар алуға тыйым салынады.
Білім басқармасының басшысы 2022 жылы жалпы БҚО бойынша 11 сыныпты 5687 бала (2021ж.-5916), 9 сыныптарда – 9250 (2021ж.-8690) оқушы бітіретінін хабарлады. «Алтын белгі» төсбелгісіне 316 түлек (2021ж.-430), үздік аттестатқа – 304 оқушы (2021ж.-185) үміткер.
Мектеп түлектерін қорытынды аттестаттау 27 мамырда басталады.
9 сынып оқушыларының бітіру емтихандары 2022 жылдың 28 мамыры мен 6 маусымы аралығында өтеді.
Олар қорытынды аттестаттауды 4 пән бойынша тапсырады:
– қазақ/ орыс тілінен эссе түріндегі жазбаша емтихан (оқыту тілі), гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектептер үшін — жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 28 мамыр;
– математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 31 мамыр;
– орыс тілінде оқытатын сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптардағы орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) – 3 маусым;
– таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, тарих және басқалар ) — 6 маусым.
11 сынып оқушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары 2022 жылғы 27 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді.
Мектеп түлектері 5 пән бойынша емтихан тапсырады:
– алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан-27 мамыр;
– қазақ/орыс тілінен (оқыту тілі) эссе түріндегі жазбаша емтихан-30 мамыр;
– Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан-2 маусым;
– орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан-7 маусым;
– таңдау бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, құқық негіздері, шет тілі, информатика) – 10 маусым.