«QazaqGaz» ұлттық компаниясында миллиардтаған қаржы талан-таражға түскен
QazaqGaz ҰК АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов QazaqGaz-да 123 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды деп хабарлады.

Бұл туралы Жаркешов мәжілісте өткен үкімет сағатында айтты.
– (QazaqGaz-да)123 млрд теңге қаржылық бұзушылықтар дәлелденді, – деді мәжілісте газ саласын дамыту перспективаларына арналған үкімет сағатында сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, бұрынғы «ҚазТрансГаз» АҚ QazaqGaz қызметіне толық аудит ұйымдастырылған.
– Бүгінгі таңда 937 миллиард теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық бұзушылықтар анықталды. Оның 123 миллиард теңгесі құқық қорғау органдарымен анықталған, – деп қосты Жаркешов.
Еске салайық, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма құрамы 2022 жылдың наурыз айының ортасында толығымен жаңартылды.
2014-2022 жылдар аралығында компанияны бұрынғы мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаев басқарды. Шәріпбаев, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа күйеу балалары сияқты, қаңтар оқиғасынан кейін негізгі қызметінен кетті.
Еске салайық, өткен аптада QazaqGaz-дың бұрынғы басшысының міндетін атқарушы, Шәріпбаев бұл қызметтен кеткеннен кейін ұлттық компанияны уақытша басқарған Ибулла Сердиге іздеу жарияланған болатын. Соңғы 20 жылда Серді Шәріпбаев басқарған бірқатар құрылымдарда маңызды қызметтер атқарған.