Оралда жолаушылар автобусы жеңіл автокөлікпен соқтығысты. Бір адам қаза тапты
Жол апаты салдарынан 18 жастағы «Калина» жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Жол-көлік оқиғасы бүгін, 8 маусымда, сағат 19:00 шамасында орын алды. Жәңгір хан көшесінде «Жазира» дүкені аялдамасы мен Исатай мен Махамбеттің ескерткіші арасында №7 бағдарлы автобус пен «Лада Калина»автокөлігі соқтығысқан. Оқиға орнында «Лада» жүргізушісі қайтыс болды.
Полицейлердің ақпараты бойынша, «Калина» Жәңгір хан бойымен Әзірбайжан көшесі жағынан қалаға қарай бара жатқан.
– «Калина» жүргізушісі №7 бағдардағы автобуспен соқтығысты. Жол апаты салдарынан «Калина» жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Жеңіл автокөліктің жүргізушісі 2004 жылы туған, 18 жаста, оған автокөлік ресімделген. Қазір жүргізуші куәлігінің бар – жоғы тексерілуде, – деді жергілікті полиция басқармасының бастығы Мирхат Аженов. – Бірқатар сараптамалар тағайындалады, олар бойынша заңдық баға беріледі.
Оқиға орнында жедел медициналық жәрдемнің төрт бригадасы, сондай-ақ полиция қызметкерлері жұмыс істеуде.
Белгілі болғандай, жедел жәрдеммен автобустан екі зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.