БҚО-да бұғы бағатын келіншек тұрады
Агроқұрылымда алдымен «Боран» мен «Север» есімді қос бұғы ғана болған. Кейін олардың қатарына «Стелла» қосылған.

Бұл бұғылар Ханты-Мансийск аймағынан жеткізілген. Сақылдаған сары аязға бейімделген жануарлар қазір алғаш рет аптап ыстықты сезініп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әйткенмен жергілікті климатқа көп ұзамай бой үйретіп кететін сыңайлы. Өйткені Надежда Гурская оларды ерекше күтіп-баптап жүр. Жем-шөбін алыстан арнайы тапсырыспен алдырады екен.
Надежда Гурская, фермер:
– Қазақстанда солтүстік бұғысы өсірілетін ферма жоқ. Мен Ресейге барып, бұл жануарларды көзбен көріп, зерделедім. Сосын оларды елге алып келуді ойладым. Бұғыларға көп көңіл бөлемін. Олардың үстіңгі тісі болмайды. Ал астыңғы тістері уақ. Сондықтан жұмсақ азық беру керек. Ыстық күндері аулада су бүркіп тұратындай етіп құрылғылар орнаттық.
Надежданың мамандығы – кинолог. Иттерді асырап, олардың тілін табуға шебер. Алайда бұғы бағуда бұл тәжірибесі кәдеге жарай қоймады. Сондықтан бәрін басынан бастауға тура келген. Жануарларға жем-шөп салғаннан бөлек, оларға үнемі сөйлеп, еркелетуге тырысады. Агроқұрылымда алдымен «Боран» мен «Север» есімді қос бұғы ғана болған. Кейін олардың қатарына «Стелла» қосылды. Соңғысы жуырда төлдеген.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
– Бұғылардың мүйізі жыл сайын жаңарып тұрады. Мына жануарлардың мүйізі соңғы рет биыл қыста түскен екен. Қазір, міне, қайта шығып келеді. Мамандардың айтуынша, олардың мүйізі тәулігіне 2 см-ге дейін өседі. Тағы бір ерекшелігі, «солтүстік бұғысы» деп аталатын түрінде текелерден бөлек, аналығына да мүйіз шығады екен.
Надежда Гурская, фермер:
– Бұғылар мүйізді өздігінен түсіріп тастайды. Ағашқа барып, басын ұрғылайды. Мүйіздері дәл түбінен сынады. Бұл құбылыс қаңтар-наурыз айлары аралығында болады. 3-4 тәуліктен соң мүйіздің орны оңала бастайды.
Фермер қыста ертегі қалашығын ашуды жоспарлап отыр. Ол аумақта бұғыларды шанаға жегіп, балаларды серуендетпек. Соның ішінде науқас бүлдіршіндердің жүзіне шаттық ұялатуды қалайды.