Көлде жоғалған баланың денесі 3 күннен кейін табылды
25 маусымда құтқарушылар Шалқар көлінде жоғалған 9 жасар баланың денесін тапты. Бұл туралы БҚО төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

«Баланың денесін құтқарушылар мен еріктілер тапты, оны толқын жағаға шығарып тастаған», – дейді құтқарушылар.
Еске сала кетейік, 22 маусымда сағат 16:45-те Теректі ауданындағы Сарыөмір ауылынан бала жоғалғаны туралы хабар түскен. Шалқар көлінде үрлемелі матраспен жүзіп жүрген 9 жасар ұл баланы жел әкетіп қалған. Жағада туыстары болған. 66 жастағы атасы немересінің алыс кеткенін көріп, суға секірген. Бірақ екеуі де оралмаған. Түнгі сағат 23:00-де құтқарушылар ер адамды көлдің арғы бетінен тапты. Ол баланың артынан жүзіп, көз жазып қалғанын айтты.
Сонымен қатар, кеше 25 маусым қалалық мәдениет және демалыс саябағында ер адам суға кетіп, қайтыс болды.
Жедел жәрдем станциясының пультіне 25 маусым күні сағат 16.30-да қоңырау келіп түсті. БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қалалық мәдениет және демалыс саябағында шамамен 40-45 жастағы азиялық ер адам суға батып кеткен. Өлімнің алдын-ала себебі-аспирациялық синдром, яғни судың тыныс алу жолдарына кенеттен енуі.