КАЗТАЛОВ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНА ИТКЕ ТАЛАНҒАН 7 ЖАСТАҒЫ БАЛА КЕЛІП ТҮСТІ
13 маусым күні сағат 17:00 шамасында ауруханамызға Казталов ауылының 7 жасар тұрғыны келіп түсті, деп хабарлайды Казталов аудандық ауруханасының баспасөз қызметі.

Ата-анасының айтуынша бала өз аулаларындағы итке таланған. Оқыс оқиғадан зардап шеккен балаға Казталов аудандық ауруханасының мамандары жедел медициналық көмек көрсетіп, бас сүйегіндегі жарақатты дезинфекциялап, тіккен. Шағын отаны дәрігер-хирург Айдын Асқарұлы Ержанов жасады.
Баланың анасының сөзіне сүйенсек, бала ойын ойнап жүрген кезінде добы ит байлаулы тұрған аумаққа түскен. Ойын баласы «допты аламын деп, шарбақтың ішінде тұрған иттің шынжыры жетпейді» деген оймен, қолына таяқ алып, допты өзіне қарай жылжыту арқылы алмақ болған. Сол сәтте ит балаға тап беріп, баланың бас сүйегі зақымданып, жарақат пайда болып, денесінде иттің тырнақ іздері қалған. Анасы мен бауырлары үйден шығып, итті ажыратып үлгерген. Қазіргі таңда баланың денсаулығы бірқалыпты. Дәрігерлердің бақылауында. Оқиғаға байланысты аудандық ішкі істер бөлімінің мамандары түсінік алды.
Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың ойын ойнап жүрген уақытында да қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз. Себебі, оқыс әрекеттің салдарынан жазатайым оқиғалар орын алуы мүмкін. Мәселен, үй жануарынан бөлек, көшеде бұралқы иттердің қаптап жүргендігі баршамызға мәлім. Дегенмен, үй жануарларын да қадағалап, адамның денсаулығын бірінші орынға қойып, қадағалауымыз керек. Балалар жылында балалардың қауіпсіздігін жоғары орынға қойып, немқұрайлылық танытпайық!
