Сатыбалды «Қазақтелекоммен» медиативті келісім жасай алмайды – Абзал Құспан
Адвокат Абзал Құспан «Қазақтелеком» мен Қайрат Сатыбалының медиациялық жолмен келісімге келе алмайтынан, оның заңсыз екенін айтты.
Сатыбалдыға тағылған айып аса ірі көлемде қаржы ұрлау – ауыр санаттағы қылмысқа жатады, деп түсіндірді адвокат.
– Жәбірленуші тараптың бірі – «Қазақтелеком» АҚ-ы 12,7 млрд теңге шығын қайтарылғаны себепті, медиативтік келісім жасау туралы өтініш берген. Сот прокурордың пікірін сұраған, ол уақыт сұраған, соған байланысты үзіліс жарияланған.
Түк түсінсем бұйырмасын?!
Сатыбалдыға тағылған айып аса ірі көлемде қаржы ұрлау, яғни ҚР ҚК-ның 189 б., 4 бөлігімен тағылған. Ол ауыр санаттағы істер қатарына жатады. Ал медиативті келісім тек қана онша ауыр емес және орташа санаттағы істер бойынша жасалуы мүмкін.
Бұл 2+2=4 сияқты, қарапайым нәрсе. Қазақтелекомды түсінуге болар, бірақ Астаналық судья мен прокурорға не жорық? Сонда олар қарапайым процестік заң нормаларын білмей ме? – дейді адвокат.
Медиативтік келісім – медиация рәсімін дауға немесе дауларға қолдану нәтижесінде тараптар қол жеткізген келісім. Медиацияның басты міндеті – сот инстанцияларына жүгінбей, жанжалды тез әрі тиімді реттеу.
20 қыркүйекте Астананда Байқоңыр ауданының №2 сотында Қайрат Сатыбалды мен оның төрт сыбайласына қатысты екі қылмыстық іс қаралды. Іс жеделдетілген режимде өтіп жатыр, өйткені барлық бес айыпталушы кінәсін мойындап, өкініп, келтірілген залалды өтеген.
Тыңдау барысында «жеңілдіктер» деп белгіленген бірінші эпизод бойынша Сатыбалды, Қоңырбаев, Муравьев және «Қазақтелеком» АҚ тараптары арасында медиативтік келісім жасалғаны белгілі болды. Үш айыпталушы 12 миллиард теңге көлемінде өтемақы төледі.
Екінші эпизод бойынша – Сатыбалды, Бекетов және Мұхамеджанұлы күдікті ретінде көрсетіледі. «Көліктік сервис орталығы» АҚ компаниясына келтірілген шығын көлемі шамамен 28 миллиард теңгені құрады.
Дереккөзі: Оrda.kz