Шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды әлемдегі күрделі ахуал кезінде бүкіл ұлт болып ұйысуға шақырды, деп хабарлайды Ақорда.

«Елімізде жауапкершілік идеологиясы орнығуға тиіс. Әлемдегі ахуал аса күрделі болып кетті. Осындай жағдайда бүкіл ұлт болып ұйысып, бірігуіміз керек», – деді президент Абай облысының жұртшылығымен кездесуінде.
Айтуынша, әрбір саясаткер, қоғам қайраткері, журналист, блогер немесе жалпы азаматтар сөзі мен әрекетінің жауапкершілігін сезінуге тиіс. Жасаған әрбір ісіміз мемлекет мүддесіне сай болуы қажет.
«Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Өкінішке қарай, ашығын айту керек, шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес. Олар, тіпті, біздің елімізге ақпараттық шабуыл да ұйымдастырады. Оның бәрін көріп отырмыз. Міне, біз елге қатер төндіретін осындай теріс үрдістердің де бар екенін ұмытпауымыз керек», – деп мәлімдеді президент.
Мемлекет басшысы қазір қоғамда адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сенімі азайып бара жатқанына қапаланды. Айтуынша, бұл – өте қауіпті.
«Қатігездік пен сенімсіздік, немқұрайлылық, енжарлық – халықты жарға жығатын жағымсыз әдеттер. Біз ел боламыз десек, ең алдымен, жастардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Сондай-ақ, өзара тілектестік пен бауырмалдықты әрдайым дәріптеуіміз керек. Мұны Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. Ұлы ойшылдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өсиетін ұмытпайық, ағайын!», – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау науқанына байланысты қоғамда түрлі пікірталастар болатынын атады.
«Сонымен қатар, ел мүддесіне кереғар пікір айтатын, тіпті, жалған ақпарат тарататын адамдар пайда болуы мүмкін. Біз осыған сақ болуымыз қажет. Сайлау жарияланған соң түрлі жалған деректер, ақпарат, яғни фейктер таратылып, кибершабуылдар күшейді. Бұл жайдан жай емес. Кейбір күштер шетелден осындай әрекеттерді ұйымдастырып, ел ішіне іріткі салуды көздейді. Олар Қазақстанда оң өзгерістерге кедергі жасағысы келеді. Бірақ біз бағытымыздан таймаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ең басты мақсат – мемлекеттің мүддесі екенін тағы бір мәрте атап өтті.